423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елімізде ас беру тәртібі мен мәзірі бекітіледі

  • 2980
  • UPD: 18:03, 10.12.2020

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасына биыл 30 жыл. Осы орайда төртінші рет ауқымды форум ұйымдастырылды. Жиынға барлық облыстан бас имамдар жиналды. Ас беру тәртібі мен мәзірін бекіту бойынша сұрақтар талқыланып, «зират құрылысында да қарапайымдылық болу керек» деген уәж айтылды. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар діни өкілдерді арнайы медальдармен марапаттады.

Бұл басқосуға Қазақстанның барлық өңіріндегі имамдар жиналды. Форум биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Осы жылғы өзгешілік те сол мыңнан аса дін өкілі жиынға онлайн қосылды. Талқыға түскен маңызды тақырып көп. Соның бірі ас беру мәдениеті. Енді әр өңірде имамдар насихат жұмыстарын жүргізуге уағдаласты. Арнайы ас мәзірі бекітіледі. Мақсат – ысырапшылдыққа жол бермеу.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Жалпы ас берген кезде ысырапшылдыққа бармау керек. Қандай тағамдар болу керектігін айтамыз. Адам жерлеу орнында зәулім қылып салып жатқанын білесіздер. Олай болмау керек. Біз біркелкі болуға насихат жұмысын жүргіземіз.

Сондай-ақ форумда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау лебізін жеткізді. Мемлекет басшысы ең алдымен жиын қатысушыларын ҚМДБ 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Осындай форумдар Мүфтияттың жұмысындағы рухани бастамаларға тың серпін беретінін атап өтті. Имамдарға жаңа жетістіктер тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрметті форумға қатысушылар сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Дін өкілдерінің қоғамда атқарар міндеті зор. Пандемия кезінде қайырымдылықпен белсене айналысқандарыңызды білемін. Жұмыстарыңызда жетістік тілеймін.

Форумға қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау сөзін оқыды. Елбасы дін саласына әрқашан ерекше көңіл бөлетінін жеткізген. Сындарлы сәтте дініміз берік болу керектігін атап өтті. Сонымен қатар ҚМДБ-ның саясатын көркейтуге қомақты үлес қосып жүрген бірқатар дін өкілдері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атынан алғыс хат және медальдармен марапатталды. Форумның қорытындысы бойынша Ас беру мәдениеті, зират және зиярат ету, зияткер имам құжаттары қабылданды. Бұл ұстанымдар жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге зор ықпал етеді деп сенеді имамдар.

Авторлар: Гүлзия Нақыпқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы