368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды

  • 260
  • UPD: 23:05, 30.08.2018
«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды

Астана-Арена» стадионында елордалық ұжым Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф раунды аясында Кипрдің АПОЭЛ командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Никосияда өткен алғашқы кездесудегі жеңілістен кейін, Григорий Бабаян шәкірттері бүгін қалай да жеңіске жетуі тиіс болғаны өздігінен түсінікті. Дегенмен елордалық ұжым ә дегеннен шабуылға лап қойған жоқ. Есесіне кипрліктердің ойыны біршама ширақтау көрінді.

Ойында бірінші болып «Астана» есеп ашты. 15-минутта қауіпті шабуылдардың бірінде айып алаңының ішінде қонақтар ойыншысы Карлаудың қолына доп тиіп, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік нүктеден Педро Энрике қателескен жоқ. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды. Екінші бөлімде тартыс қыза түсті, қауіпті шабуылдар да молая берді. Қонақтар жиі қысқа пастармен ойнады. Ал астаналықтар дәл пас беру жағынан көп қателік жіберді. Кипрлік ұжым нағыз қауіпті сәттерге ие болды. Бірде қақпашы Ненад Эрич тамаша сейвтерімен көзге түссе, кейде қорғаушылар сенімді ойнады. Есесіне гол соғарлықтай сәттер туындату қиын болды. Шабуыл шебінде Джуниор Кабананга мейлінше белсенді болды, әсіресе әуедегі допқа таластың көпшілігінде басымдық танытты. Бірақ 84-минутта бапкер оны Рангело Янгаға алмастырды. Дегенмен қарсыластың қорғаныс шебін жарып өтудің сәті түскен жоқ.

Ойынның негізгі уақыты «Астананың» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Никосиядағы алғашқы кездесуде АПОЭЛ дәл осы есеппен ұтқан болатын. Сондықтан, даниялық бас төреші Якоб Кехлет командаларды 15 минуттан қосымша екі тайм ойнауға шақырды. Бірақ, бірлі-жарым шабуылдарды айтпағанда, гол соғуға қолайлы сәттер бола қойған жоқ. Екінші овертаймда кипрліктер сапында Г.Захидтің орнына алаңға шыққан Томас де Винченте алыстан пәрменді соққы бағыттады. Абырой болғанда, қақпашы оның голға айналуына жол бермеді. Қақпаларға гол соғылмағандықтан, жеңімпазды пенальтилер сериясы арқылы анықтауға тура келді.

Футбол лотереясында капитан Ненад Эрич ерлік танытып, екі соққыны қайтарды. Жалпы, пенальтилер сериясында «Астана» 2:1 есебінде жеңіске жетіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты.

Астана: Ненад Эрич (капитан), Дмитрий Шомко, Евгений Постников, Марин Аничич, Антонио Рукавина, Иван Маевский (Ю. Логвиненко), Ласло Кляйнхайслер (А. Бейсебеков), Марин Томасов, Педро Энрике, Серікжан Мұжықов (Р. Альмейда), Жуниор Кабананга (Р. Янга).АПОЭЛ: Ватерман, Мораиш (капитан), Вурос (С. Гентсоглу), Карлау, Нсуэ, Каджу, Соуза, Шаллаи, Аль-Таамари (Дж. Эфрем), Захид (Т. Де Винченти), Гуччанеджад (Деллаторре). 

Осы категория бойынша: « «Бураbike» қайырымдылық велошеруіне 2300 адам қатысты Еуропа лигасы: «Астана» футбол командасының келесі қарсыласы бүгін белгілі болады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы