375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық спортшылар биыл спорт саласында қандай белестерді бағындырды?

  • 471
  • UPD: 11:13, 31.12.2018

2018 жыл қазақ спорты үшін жеңіске толы болды.

Сайыс болған соң ащы жеңілістер де жоқ емес. Жалпы жерлестеріміз олимпиадалық жазғы спорт түрлерінен 375 медаль ұтып алды. Атап айтқанда, 141 алтын, 121 күміс және 113 қола жүлде ел қоржынына түсті. Қысқы сайыстардан 50 медаль бұйырды. Қардан медаль тергендердің еншісінде 15 алтын, 18 күміс, 17 қола бар.

2018 жыл қазақ спорты тарихының жаңа парақтарын ашты. Еліміздің ұл-қыздары бірнеше кешенді сындар мен әлем чемпионаттарында сайысқа түсті. Өткен жылдың басты спорттық додасы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтті. Ақпан айында XXIII қысқы олимпиаданың алауы тұтанды. Қазақстан құрамасының спортшылары төрт жылдықтың басты сайысына 57 жолдама ұтып алып, 10 спорт түрінен бәсеке көркін қыздырды. 95 елдің жүйріктері қатысқан ойындарда біздің құрама бір қола медальға қол жеткізді. Фристайлдың могул бағдарламасында Юлия Галышева үшінші орыннан көрініп, қазақ елінің көк туын желбіретті. Алайда алтын алады деген шаңғышы Алексей Полторанин мамандар мен жанкүйерлердің үмітін ақтай алмады. Алексейге қарағанда, Александр Калядиннің ерлігіне жұрт сүйсінді. Пхенчхандағы қысқы паралимпиада ойындарында қазақстандық шаңғышы алтыннан алқа тақты. 

Олимпиададан кейін осы ақ олимпиададағы спортшылардың өнер көрсетуіне қанағаттанарлық деген баға берілген болатын.

2018 жылы Қазақстанда алғаш рет шорт-тректен әлем кубогының кезеңі ұйымдастырылды. Алматыдағы жарыста Абзал Әжғалиев жүлдеге ілінді. Бурабайда ашылған су жаңа шаңғы базасында биатлоннан Азия біріншілігінің жалауы желбіреді. Елімізде 2018 жылы дене шынықтыру және спорт туралы жаңа заң қабылданды. Енді қаржыландыру саралау арқылы жүзеге асады. Бұқаралық спорт түрлеріне мән беріледі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Біздің халық нені сынға алып жатыр? Спорттық ғимараттар аз дейді? Ол өте дұрыс. Бұрын ол сұрақты көтерген жоқ. Бізде қанша спорт ғимараттары салынды, олар бос тұратын. Қазір ғимараттар таңғы жетіден түнгі он екіге дейін жұмыс істейді. Оның өзі аз болып жатыр. Біз салып үлгере алмай жатырмыз.

2018 жылғы кешенді сайыстың бірі Индонезияда өтті. Джакарта мен Палембанг қалаларында жызғы Азия ойындарының жалауы желбіреді. Құрлықтағы басты спорттық сайыста Қазақстан құрамасының спортшылары айтарлықтай табыстарға жете алған жоқ. 15 алтын, 17 күміс 44 қола медаль еншілеген жерлестеріміз бейресми командалық есепте тоғызыншы орынға жайғасты. Бұрындары біздің қыз-жігіттер бесінші орыннан төмен түспейтін. Жеңіл атлетика, бокс, нысана көздеу секілді спорт түрлеріндегі нәтижелер көңіл көншітпейді. Сонымен қатар балуандар мен теннисшілер де айтарлықтай жетістікке жете алмады.

Жігер Әзберген, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми өкілі:

– Біздің команданың жартысы дерлік жаңа спортшылар, жас спортшылар, олар алғаш рет осындай кешенді жарысқа қатысып отыр. Көп құрамалардың сапы жаңартылған болатын. Дегенмен олар қанжығаларына медаль байлап қайтты.

Өткен жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында жасөспірімдер арасындағы үшінші жазғы олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Қазақстан құрамасының ізбасарлары алғаш рет 4 алтын, 3 күміс 3 қола медальға қол жеткізді. Аргентина астанасындағы сайысқа еліміздің атынан 58 спортшы қатысып, 23 спорт түрінен жүлдеге таласты. 

Бұл жолы біздің спортшылар велоспорт, ескек есу секілді спорт түрлерінен алтын медальды иеленіп қайтты. Біздің спортшылар 14-орын алды. Оған дейін Нанкиндегі олимпиада ойындарында біздің команда 21-орын алған болатын.

Биыл отандық спортшыларды маңызды жарыстар күтіп тұр. 2019 жылы Токио олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Қазақстан құрамасының спортшылары 28 әлем чемпионаты мен 15 құрлық біріншілігінде және іріктеу турнирлерінде сынға түсіп, 2020 жылғы жазғы олимпиаданың лицензияларына таласады. Сонымен қатар әлем кубогының 71 кезеңі күтіп тұр. Гран-При жарыстарының 46 кезеңінде де олимпиада ұпайлары үлестіріледі.

Авторы: Қанат Базылхан, Ермек Кеңшімбек

Хабар 24 телеарнасы