378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бавария» әлеуметтік желідегі жазбасы үшін Рибериге айыппұл салды

  • 307
  • UPD: 22:01, 07.01.2019

Еуропаның алпауыт клубтарында темірдей тәртіп алаң сыртында да сақталады.

Егер футболшы келеңсіз жағдайға тап болса, оның атақ-даңқы мен абырой-беделіне қарамайды. «Бавария» жартылай қорғаушы Франк Рибериге әлеуметтік желідегі жазбасы үшін айыппұл салды. Француз жігіті қысқы демалысты Дубайда өткізіп, қымбат мейрамханалардың бірінен ас ішіп отырған сурет салыпты. Кейін бұл суретке пікір айтқан жанкүйерлердің бірі футболшымен айтысып қалады. Рибери де сөзге ерік беріп, әлгіні әбден сыбап алса керек. «Бавария» клубы футболшының бұл іс-әрекетін айыптап, оны тәртіпке шақырып әрі ақшалай айыппұл салды. Қазір мюнхендік команда Катар астанасы Дохада оқу-жаттығуда жүр.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов WBC тұжырымы бойынша жастар арасында чемпион атағына таласады. Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын жерлесіміздің қарсыласы – мексикалық Эбрахам Хуарез. Бұл жекпе-жек қаңтардың 26-да Канаданың Монреаль қаласында өтеді. 20 жастағы Ахмедов бұған дейін кәсіби рингтегі алты кездесуін де нокаутпен аяқтаған.

Теннисші қыз-жігіттер үшін биылғы жарыс маусымы басталды. Қазір әлемнің айтулы спортшылары Австралияда жүр. Олардың арасында Қазақстандық Юлия Путинцева да бар. Ол бүгін Сиднейде корт иесі Дарья Гавриловадан 6:1,7:6 есебімен басым түсіп, 1/8 финалға шықты. Жасыл құрлықта жылдың алғашқы «Үлкен шлем» турнирі өтеді. Сондықтан мықтылардың бір тобы Австралия корттарында шеберліктерін шыңдап, демалыстан кейінгі деңгейлерін байқап көреді. Ерлер арасындағы кезекті сайыс Брисбен қаласында аяқталды. Ұтыс қоры 589 мың долларды құрайтын жарыстың финалында жапониялық Кеи Нисикори ресейлік Даниил Медведевтің осал тұсын тапты. Қорытынды есеп: 6:4, 3:6, 6:2. Күншығыс елінің теннисшісі 2016 жылдан кейін алғашқы жүлдесіне қол жеткізіп, спорттық ғұмырындағы он екінші атағын иеленді. 

«Челси» футболшысы Сеск Фабрегас «Стэмфорд Бриджбен» қош айтысты. Жартылай қорғаушы келесі аптада Францияның «Монако» клубына ауысады. Кеше испаниялық ойыншы «Челси» сапындағы соңғы кездесуін өткізді. Лондон командасы ағылшын кубогында «Ноттингем Форестпен» алаңға шығып, 2:0 есебімен басым түсті. Фабрегас «Челсимен» 197 матчқа қатысып, премьер-лига чемпионы атанды. Англия және Лига кубогында жеңіске жетті. Биыл команда тізгінін Сарри ұстағалы Фабрегас алаңға сирек шығып жүр. Чемпионатта небәрі алты ойынға араласты. 31 жастағы футболшының спорттық ғұмыры Лондонның тағы клубы «Арсеналда» басталған еді. Сеск атақты Тьерри Анримен тізе қосып, ағылшын премьер-лигасында атой салды. Енді міне, француз футболшысымен қайта қосылады. Анри қазір «Монаконың» бас бапкері. Фабрегас ағылшын премьер-лигасында алты маусым бойы нәтижелі пастарының санын оннан асырып, бұл көрсеткіш жөнінен алғашқы ойыншы атады.

Хабар 24 телеарнасы