378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Теннис: Лондонда Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

  • 304
  • UPD: 13:45, 20.04.2019

Бүгін Ұлыбритания астанасында теннистен әлемдік топтың плей-офф ойындары басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бәсеке жергілікті және қазақстандық құрамалар арасында өрбиді. Еліміздің намысын Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Галина Воскобоева және Анна Данилина қорғайды.

Командалық жарысты Зарина Диас пен Йоханна Конта бастайды. Отандасымыздың қарсыласы – әлемдік рейтингте 46-орында әрі атақ-даңқы зор спортшы. Дегенмен Зарина бабына сенеді. Тіпті ол плей-офф бәсекесін алғаш болып бастайтынын ұтымды әдіс санайды.

Зарина Диас, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

– Жарысқа дайындығым жақсы. Бәсекені бірінші болып бастайтыныма қуаныштымын. Күткенді аса ұната бермеймін, тезірек алаңға шығып, барымды салғанды жөн санаймын.

Ел құрамасының көшбасшысы Юлия Путинцева ұлыбританиялық Кэти Бултермен бап жарыстырады. 22 жастағы ұлыбританиялықтың қыр-сырын әлемдік рейтингте 40-орында тұрған отандасымыз жақсы біледі. Сондықтан көрермендер бұл жекпе-жектің тартысқа толы өтетініне сенімді.

Юлия Путинцева, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

– Кети Болтердің Австралия мен Ресейде өткен ойындарын бірнеше рет қарадым. Бабы жақсы екен. Допты ойынға өте жақсы қосады, соққысы да мығым. Сондықтан кездесу қызық болады деген үміттемін. Жаттықтырушымен айла-тәсілімізді әзірлеп жатырмыз.

Жоспар бойынша жарыстың алғашқы күнінде екі жекелей кездесу өтеді. Ал екіншісінде жұптық және кейін есеп тең болған жағдайда спортшылар тағы жекелей сынға түседі.

Диас Досқараев, Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны:

– Біз жеңеміз деген сенімдемін. Қолымыздан бәрі келеді деген ой басым. Британиялық жанкүйерлердің қолдауы тұрғанда қиын болады әрине. Психологиялық тұрғыда соған дайындалдық. Біздің мақсатымыз – елге жеңіспен оралу.

Еске сала кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы бұған дейін жарыстың дәл осы кезеңінде 3 мәрте ойнаған. Егер бұл жолы жеңіске жетсе, теннис әлемінде нағыз тосын жайт болмақ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Лариса Гречихина, Мейрамбек Ахмаханов

Хабар 24 телеарнасы