384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана» қатарынан алтыншы рет ел чемпионы атанды

  • 518
  • UPD: 10:21, 04.11.2019
«Астана» қатарынан алтыншы рет ел чемпионы атанды

«Астана» қатарынан алты дүркін ел чемпионы атанды. Елорда командасы премьер-лиганың аяқталуына бір тур қалғанда «Қайраттан» қара үзіп кетті. Роман Григорчук шәкірттері Қостанайда "Тобылдың" осал тұсын тапса, Алматылықтар Павлодарда «Ертіске» қарсы тұра алмады. «Астана» сапынан шешуші голды 38-минутта Юрий Логвиненко соқты. Қорғаушы әуелеп келген долпты баспен қақпаға дәл бағыттады. «Тобыл» қола жүлдеден дәмелі еді. Сондықтан алаң иелері де атақты қарсыласын аяқтан шалуға тырысты. Тіпті алғашқы таймда Қостанай футболшылары есеп ашқан еді. Алайда төреші голды есептеген жоқ. Қорытынды есеп: 0:1. «Астана» шешуші сында табандылық танытып, алтыншы жыл чемпиондық атақты ешкімге ұстатпады. Бұл көрсеткіш жағынан елорда командасы Қазақстанда жеке-дара алға шықты. «Астана» 2014 жылдан бері премьер-лигада топ жарып жүр. Соңғы турда олар «Қайратты» тоқтатқан «Ертісті» қабылдайды.

32-турда "Ақтөбе" "Шахтерді" қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. "Оқжетпес" "Жетісумен" ұпай бөлісті. Есеп:1:1. "Тараз" "Қайсарды" қабылдап, 2:1 нәтижесімен басым түсті. "Ордабасы" сырт алаңда "Атыраудан" айласын асырды. Шымкент командасы 3:1 есебімен маңызды  жеңісіне қол жеткізді. "Ертіс" "Қайрат" қақпасына жауапсыз бес доп соқты. 32-ші турдан кейін "Астана" 69 ұпай жинап, басты қарсыласы "Қайраттан" озып кетті. Алматы командасы кезекті мәрте күміс жүлдені қанағат қылды. Қола медальдан "Ордабасының" үміті зор. Шымкент командасынан екі ұпайы кем "Тобыл" да үшінші орыннан күдер үзген жоқ. "Ақтөбе" биылғы біріншілікті сәтсіз өткізіп, бірінші лигаға түсіп қалды. "Тараз" бен "Атыраудың" да жағдайы қиын.  

«Қызыл-Жар» командасы премьер-лигаға жолдама алды. Петропавл футболшылары Қазақстан бірінші лигасында топ жарып, қайтадан жоғарғы топқа қосылды. Әли Әлиев шәкірттері соңғы турда "Байқоңырды" қабылдап, 6:0 есебімен жеңіске жетті. "Қызыл-Жар" 26 матчта 58 ұпай жинап, ең нәтижелі команда атанды. Екінші орын "Каспийге" бұйырды. Ақтау командасы да премьер-лигаға шықты. Қола медальды "Ақжайық" ұтты. Орал клубы енді премьер-лиганың командасымен жоғарғы лиганың қосымша жолдамасына таласады.  

"Баварияның" бас бапкері Нико Ковач қызметінен кетті. Мюнхен командасы өткен турда "Айнтрахтқа" қонаққа барып, 1:5 есебімен ойсырай ұтылды. Бундеслигадағы ірі жеңіліс "Бавария" басшыларының шымбайына қатты батса керек. Мюнхен клубы турнир кестесінде көшбасшыдан небәрі төрт ұпай қалып келеді. Нико Ковач "Баварияның" тізгінін былтыр жазда ұстады. 48 жастағы жаттықтырушы командамен бундеслигада топ жарып, Германия кубогы мен суперкубогын ұтып алды. Енді "Баварияны" алдағы чемпиондар лигасындағы "Олимпиакосқа" қарсы кездесуде Ковачтың көмекшісі Ханс Флик дайындайды.

Хабар 24 телеарнасы