411,66 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан алғашқы ойынын Швейцариямен өткізеді

  • 611
  • UPD: 11:46, 24.12.2019
Хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан алғашқы ойынын Швейцариямен өткізеді

Алдағы бейсенбіде Чехияда шайбалы хоккейден жастар арасында әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Элиталық топта Қазақстан құрамасы да сынға түседі. Сергей Старыгиннен тәлім алатын хоккейшілеріміз жарыс қарсаңында Чехияның «Витковице» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстан әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын 26 желтоқсанда Швейцариямен өткізеді.

Ресей Жоғарғы хоккей лигасында ойнайтын қазақстандық командалар кезекті жеңістеріне қол жеткізді. «Номад» елордада «Дизельмен» айдынға шығып, 1:0 есебімен басым түсті. «Барыс» ізбасарлары турнир кестесінде 34 ұпаймен 23-орында келеді. Ертең «Номад» «Ладаны» қабылдайды. Тольятты командасы кеше Өскеменнің «Торпедосымен» кездесіп, 1:3 есебімен ұтылды. 4-минутта Никита Сироткин есеп ашып, айдын иелерін алға жетеледі. Сосын қарсыластар біразға дейін қақпа кілтін таба алмады. 54-минутта Евгений Рымарев нәтижені еселей түсті. «Лада» сапынан Филипп Толузаков жалғыз шайбамен жауап қатты. Матчқа Сергей Шестаков нүкте қойды. «Торпедо» осы жеңістен кейін 44 ұпай жинап, тоғызыншы орынға жайғасты.

Самбодан Қазақстан кубогы

Семейде самбодан Қазақстан кубогы аяқталды. «Қабанбай батыр мемориалы» деп аталған белдесу бәсекесі биыл 20 рет ұйымдастырылды. 57 келі салмақта қарағандылық Қылыш Еренғайыпов топ жарды. Семейліктер Аян Құрманбек пен Руслан Жарқынбаев та ел кубогының иегері атанды. Ауыр салмақта Павлодар облысының өкілі Батырхан Жүнісов жеңіске жетті. Қыздар арасында түркістандық Айжан Жылқыбаеваның мерейі үстем болды. Гүлдерайым Алмағанбет, Мереке Құдайбергенова және Аққал Өтебек те өз салмақтарында көзге түсіп, кубокқа қол созды. Жауынгерлік самбода Әнуар Кәрібаев, Бақытжан Ғұмыр және Нұрбол Құлбеков пен Талғат Жиентаев жеңімпаз атанды.

Халықаралық турнир аяқталды

Қарағандыда бокстан Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнир аяқталды. Биыл 36-шы мәрте ұйымдастырылған айтулы сынға Қазақстаннан бөлек жеті елдің былғары қолғап шеберлері келді. 52 келіде алматылық Дамир Әбдіқадыр жеңіске жетсе, 63 келі салмақта шаршы алаң иесі Василий Самчук топ жарды. Жамбылдық Дулат Бекбауов пен елордалық Сағындық Тоғамбай да халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды. Қырғыз пен тәжік боксшылары да жеңіс тұғырынан көрінді.

Хабар 24 телеарнасы