376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің хоккейден жастар құрамасы Германиядан қарымта қайтарды

  • 152
  • UPD: 19:24, 04.01.2020
Еліміздің хоккейден жастар құрамасы Германиядан қарымта қайтарды

Чехияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасы жұбаныш кезеңіндегі екінші ойынында Германиядан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама арасындағы алғашқы кездесу 2 қаңтарда өткізіліп, ол жолы Германия 4:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл неміс хоккейшілерінің топ-дивизионда қалу мүмкіндігін арттыра түсті. Сондықтан Қазақстан жастары алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Ойынның 4-минутында қазақстандық құрама сапынан Станислав Александров неміс хоккейшісін қапы қалдырды. Бұдан кейін қос құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді. Бірінші кезеңде басқа гол соғылған жоқ.

Екінші кезеңнің 25-минутында қарсыластар қателігін пайдалана білген қазақстандық Данил Бабенко есепті ұлғайта түсті. Ал үшінші кезеңнің 41-минутта қазақстандық хоккейшілер тағы бір шайба соғып кетті. Станислав Александров осылайша бүгінгі кездесудегі екінші голының авторы атанды. Қазақстандық хоккейші Денис Шапоров 56-минутта бір гол салды.

Неміс құрамасынан 59-минутта Луис Шинко бір шайбамен жауап қайырды. Нәтижесінде Қазақстан жастары қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.

Енді 5 қаңтарда екі құрама тағы бір кездесу өткізеді. Ойында жеңімпаз болған құрама топ-дивизиондағы орнын сақтап қалады.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында А тобында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7, Швециядан 2:6 есебімен ұтылды.

2018 жылы Қазақстан жастары жұбаныш кезеңіндегі екі кездесуде Даниядан басым түсіп, топ-дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын. Биыл бірінші дивизиондағы А тобында Австрия құрамасы бірінші орын алды. Енді олар 2021 жылы топ-дивизионда бақ сынайды. Сондай-ақ, бүгін жастар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финал ойындары өткізіледі. Жартылай финалда Ресей мен Швеция, Канада мен Финляндия құрамалары кездеседі. Ал 5 қаңтарда 3-орын иегері мен чемпион 5 қаңтарда анықталады. 2019 жылы Финляндия құрамасы алтыннан алқа таққан болатын.

Хабар 24 телеарнасы