420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қимыл-қозғалысы жігерлі жігіттермен тең: зейнеткерлер сергек жүрудің сырын ашты

  • 168
  • UPD: 21:59, 17.08.2020

Қызылорда облысында спортты серік еткен зейнеткерлер аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар ел, облыс көлеміндегі түрлі жарыстар мен турнирлерге қатысады. Карантин кезінде дәрігерлер де әрбір жанға бір уақыт жеңіл дене жаттығуларын жасауға кеңес бергені белгілі.

«Велосипед – сенімді көлігім». Алпыстың жетеуіне шыққан Орынбай Әбдікеров ұзақ жылдан бері «шайтанарбадан» түспегенін айтады. 42 жыл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Ішімдік пен темекінің дәмін татып көрмеген. Қос доңғалақты көлік тепкеннен бөлек, күнде 3 шақырым жүгіруді әдетке айналдырған.

Орынбай Әбдікеров, Жақсықылыш ауылының тұрғыны:

– Аудандық ардагерлер спартакиадасы болады ғой. Соның барлық түрлеріне қатысамын. Волейбол, баскетбол, футбол. Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында биыл біраз іс-шаралар бар еді. Соны коронавирустың кесірінен өткізе алмай қалдық. Бірақ қол үзбейміз.

Зейнеткер Абайдың 175 жылдығына орай веломарафон ұйымдастыруды да жоспарлап қойыпты. Карантин аяқталған бойда бұл саламаттылық шарасына мұрындық болуға ниетті.

Спортты серік еткен ақсақалдардың бірі – Семей полигонының ардагері Серік Өтепәлиев. Кезінде тұла бойын радиация жайлаған. Алайда ширақ қимылына қарап жетпістің екеуінде демейсіз. Қимыл-қозғалысы жігерлі жігіттермен теңдей. Мұның сырын өзі күн сайын таңертең 10 шақырымдай жүгірумен және табиғи таза өнімдер, оның ішінде бие, түйе сүтін ішумен байланыстырады.

Серік Өтепәлиев, Арал қаласының тұрғыны:

– Шұбат, қымыз, айран, сүт тағамдары. Бұл коронавирусқа бірден-бір ем. Оларды қайтарып жібереді. Оларды тойтарып тастайды. Менің үйде 10 ешкім бар. Ешкінің сүтін қазақ атамыз ежелден дәрілік қасиеті бар, емдік қасиеті бар деген.

Серік Өтепәлиев соңғы 50 жылдан бері түрлі деңгейдегі марафондарға қатысып келеді. Оның дәлелі – ондаған диплом мен медаль. Жастарға үлгі болу. Спорттың денсаулық кепілі екенін өмірлік тәжірибе арқылы дәлелдеу. Бұл ақсақалдың айнымас ұстанымы болса керек.

Сәл қимылдаса алқынып, сәл суытса тұмауратып қалу үлкендер тұрмақ, жастарға да тән. Бұл саламатты өмір салтынан алшақтаудың салдары болса керек. Шын ниеттенген адамға мынадай спорттық құралдардың болмауы да кедергі емес. Таза ауада серуендеп, жүгіріп, жеткіншектер секілді қимыл-қозғалысын жасаудың өзі денсаулыққа зор пайда. Ал спорт жас талғамайды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы