420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Барыс» неге бабында емес?

  • 153
  • UPD: 09:03, 28.11.2020

Құрлықтық хоккей лигасындағы «Барыстың» ойындары көңілге қаяу түсіреді.

Жанкүйерлер биыл да сүйікті клубынан тамаша ойын өрнегін күтіп еді. Ұпай саны бойынша команда әзірге «Шығыс» конференцияда 10-шы, ал жалпы көрсеткіште 19-шы орында. Бұлай жалғаса берсе, жанкүйерлер плей-офф кезеңіне өте алмай қала ма деп алаңдайды. Биыл «Барыстың» бабы неге келіспей тұр?

Марал Байғара – жаңалықтар жүргізушісі. Хоккейді тамашалағанды жаны сүйеді. Екі жылдан бері елордалық «Барыстың» жанкүйері. Сүйікті клубының әр ойыны есінде. Оның айтуынша, команда ішінде биыл ауыс-түйіс көп болды. Ал зардабын Құрлықтық лигадағы ойындарда тартып жатырмыз дейді.

Марал Байғара, «Хабар 24» арнасының жаңалықтар жүргізушісі:

– Біздің бас бапкер ауысып жатыр. Осыған дейін жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Андрей Скабелка басқа құрамаға кетті. Өзімен бірге біздің жақсы қақпашымыз Э.Паскуалье, үздік қорғаушымыз Охтаманыда бірге алып кетті. Сонымен қатар былтыр үздік нәтиже көрсеткен бомбардиріміз К.Найт «Авангард» командасына ауысты. Бұл да бір өзінің кесірін тигізіп жатқан болар. Бәрібір де сүйікті командамыздың жеңісіне сенеміз. Ең болмағанда сегіздікке кіріп, плей-оффқа шықса екен деп армандап жүрміз.

Жанкүйерлердің жабырқайтындай жөні бар. Себебі Андрей Скабелканың тұсындағы жетістіктерді олар ұмыта қойған жоқ. Былтыр «Барыс» өз конференциясында үздік үштіктің қатарында еді.

Ал осы жолғы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Команда Құрлықтық лигада бүгінге дейін 26 ойын өткізіп, небары 25 ұпай еншіледі. Осылайша турнир кестесінде 10-шы орынға жайғасты.

Спорт комментаторы Жігер Әзбергеновтің айтуынша, пандемия командаға салқынын тигізді. Жарыстағы сәтсіздіктердің бір себебі сол.

Жігер Әзбергенов, спорт комментаторы:

– Біз наурыз айында тоқтадық. Өткен маусымда команда 4-5 ай мұзға шықпаған. Оларды қалпына келтіру үшін біраз уақыт керек болады. Енді қалыпқа келе бастаған кезде екі апта карантинге кетіп қалдық. Хоккейде бастапқы орынға шығатын тағы бір нәрсе – артық құрамда өнер көрсету. Яғни қарсыластың ойыншысы мұз айдынынан қуылған сәтте соны жақсылап пайдаланып кету. Негізі біз өткен маусымдарда сол ойын компоненті бойынша үздіктер қатарында болған едік, бірақ биылғы маусымда, өкінішке қарай, кішкене нашар ойнадық.

Карантиннің кесірінен «Барыс» Құрлықтық Лигадағы ойындарды кеш бастады. Алда әлі 5 матч бар. Осы аралықта команда ес жинаса, плей-оффқа өтуі әбден мүмкін. «Сондықтан үміт үзуге ерте», – дейді сарапшы. Ал қорғаушы Джесси Блэкер мен Никита Клещенконың жаттығу кезіндегі төбелесі ойыншыларға психологиялық көмек керек екенін көрсетті.

Жігер Әзбергенов, спорт комментаторы:

– Хоккей болғандықтан, эмоциясыз болмайды. Тіпті ойын барысында да ойыншылардың жұдырықтасқан сәтін көреміз. Бірақ команданың ішіндегі осы жағдай ерсі көрінеді. Бұл бір іштегі проблемалардың шарықтау шегі шығар. Осыдан кейін команда әрі қарай қорытынды шығарып, басқаша көңіл-күймен қалған ойындарға қатысады.

Жанкүйерлер бұған бас бапкерді кінәлайды. Команда ішіндегі кикілжіңді дер кезінде реттей алмағаны үшін орнынан кетуін талап етті. Бірақ клуб бұл туралы әзірге ресми мәлімдеме жасамады. Тағы бір ескерер жайт: дәстүрлі дода биыл көрерменсіз өтіп жатыр. Сондықтан көпшіліктің қолдауынан шабыттана ойнайтын Юрий Михайлистің шәкірттері үшін оңай болмай тұр.

Назерке Тоқжан, тілші:

– Бұрын бұл жерде қиқулап жанкүйерлер отыратын. Қазір қаңырап бос тұр. Оған елдегі эпидемиологиялық жағдай себеп. Ал «Барыстың» келесі кездесуі 29 қарашада елордада Мәскеудің «Спартагымен» өтеді. Ендеше команда жігерін жанып, осы жолы жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы