386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналық оқушылар Mostratec халықаралық олимпиадасында 7 алтын медальге ие болды

  • 979
Астаналық оқушылар Mostratec халықаралық олимпиадасында 7 алтын медальге ие болды

24-28 қазан күндері елордалық мектептердің жоғары сынып оқушылары Бразилияның Порту-Алегри және Нову Гамбург қалаларында өткен халықаралық ғылыми жұмыстар байқауында бақ сынады.

Байқау XXXI Mostra Internacional de Ciência e Tecnologia (Mostratec) халықаралық білім беру жәрмеңкесі аясында ұйымдастырылды. Оның бағдарламасына сәйкес техникалық білім беру семинары, роботехника фестивалі, өңірлік кітап көрмесі және бірқатар мәдени, спорттық шаралар өткізілді. Білім бәсекесіне еліміздің, Бразилияның, АҚШ, Қытайдың, Аргентинаның, Босния мен Герцеговинаның, Чилидің, Колумбияның, Данияның, Голландияның, Үндістанның, Индонезияның, Италияның, Мексиканың, Парагвайдың, Перудің, Португалияның, Тунистің, Түркияның және Уругвайдың оқушылары қатысты.

Көрменің қаржыландырылуы жеке кәсіпорындардың, оның ішінде Іntel IT-компаниясы және ірі бразилиялық химиялық Braskem компаниясы арқылы қамтамасыз етіледі.

Елордалық оқушылар қазылар алқасының назарына математика, физика, химия және информатикадан зерттеу жұмыстарын ұсынды. Ғылыми еңбектерді университеттердің профессорлары мен оқытушылары, ғылыми институттардың және бейінді компаниялардың қызметкерлері бағалады.

Астана қаласындағы білім беру мекемелерінде оқитын оқушылардың 10 жұмысы байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алды. Оның ішінде озонның жердегі өсімдіктерге зиянды әсерінің дәлелдері, айналмалы цилиндрлері бар жел қозғалтқышының аэродинамикалық сипаттамалары, кейбір әлеуметтік процестерде иерархия талдауын қолдану және т.б. бар.

Халықаралық байқау-жәрмеңке қорытындысы бойынша елордалық оқушылар 7 алтын, 6 күміс және 7 қола медальге ие болды.

Үздік жұмыстардың авторлары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және білім гранттарымен марапатталды. Шараны ұйымдастырушылар қазақстандық оқушылардың дайындығы жоғары екендігін атап өтіп, Қазақстандағы білім деңгейіне жоғары баға берді.

Хабар 24 телеарнасы