383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелден келген тауар қаптамаларындағы жазбалар қашан қазақшаланады?

  • 632
  • UPD: 10:35, 24.05.2019

Ел шығысында жабайы құстар мен аңдардың популяциясы көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған қалай қол жетті? Шетелден келген тауарлардың қаптамаларындағы жазбалар қашан қазақшаланады? Әлемнің ғылыми қауымдастығы білмеген көбелектердің екі түрі табылды. Павлодар облысында киелі орындар саны артады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Елімізде соңғы үш жылдан бері көктемгі аңшылыққа тыйым салынған. Қару асынғандардың тірлігіне шектеу қойылғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысында аңдар мен құстардың саны артты. Бұл туралы облыстық «Дидар» газеті жазады. Соңғы бес жылдың ішінде облыста қоңыр аю 4 процентке, елік, бұлан, марал тәрізді тұяқтылар 6 процентке, орман құстары 17,2 проценке көбейген. Бүгінде аңшылық алқаптарының саны 54-ке жеткенмен, 26-сы пайдаланылмай келеді. Бұған сала мамандары алаңдаулы.

«Тауар атауларын қазақшалайық». Республикалық «Айқын» газетінде осындай тақырыппен мақала жарық көрді. Материал авторын елімізге шетелден келетін азық-түліктің қаптамалары, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлдегі қажеттi ақпараттың жоқтығы қынжылтады. Тілші алматылық супермаркеттерді аралап, қателіктер жіберген қаптамалар, жапсырмалардың көптігіне қол жеткізді. Мақала авторы сөз соңында тауар қаптамаларындағы грамматикалық қателердің алдын алу және «Тіл туралы» заңының бұзылуын болдырмауымыз керек деген ой білдіреді.

Абылайхан Жұмаш, тілші:

– Ең алдымен қолыма «Золотое решето с солью» деп аталатын қытырлақ нан ілікті. Нұсқаулықтың орысша, ағылшыншасында мін жоқ. Ал қазақшасына қарасаң, қатеден көзің сүрінеді. «Алешина» заводы өндіретін өнімнің нұсқаулығындағы мәтіннің сиқы мынадай: Бұйымдар астықты ашытқыларда басылғалдылыққа. «Алтынның решето» тұз. Құрам: ұн бірінші сұрып наубай бидай, су, май күнбағыс тазартылған хош иісті, сироп инвертный тұз. Көріп отырғандарыңыздай, аударманың сапасы өте нашар. Аударма деуге де келмейді.

Павлодарлық ғалым Сергей Титов әлемдің ғылыми қауымдастығына беймәлім болған көбелектердің екі түрін ашты. Бұл туралы Павлодар облыстық «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды. PhD докторы докторлық диссертациясына еліміздің Солтүстік-Шығыс аумағында тіршілік ететін қанатты жәндіктердің ерекшеліктерін зерттеген. Жас ғалым зерттеу жұмысын Хорватияның Загреб университетінде сәтті қорғады.

Сергей Титов, зерттеуші:

– Солтүстік-Шығыс Қазақстан аумағында кең тараған қабыршаққанатты жәндіктердің геоботаникалық, биотоптық, экологиялық, биогеографиялық, таксономикалық, фаунистикалық ерекшеліктері туралы мол ақпарат жиналды. Зерттеу барысында 485 түрі алынды. Оның ішінде әлемдік ғылымға бейтаныс болып келген көбелектің екі түрі табылды. Өңірде осы тектес зерттеу жұмысы алғаш рет жүргізілді.

Ертіс өңірінде киелі орындардың саны артады. Бұл туралы Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті хабарлайды. Ертіс-Баян өңірі тарихы тереңнен сыр шертетін киелі орындарға бай. Облыстағы осындай орындардың тізімінде әзірге 43 киелі нысан бар екен. Оның жетеуі, нақтырақ айтар болсақ, Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Ақкөл-Жайылма қалашығы, Исабек ишан кесенесі, Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі, Жасыбай батыр зираты, Қоңыр әулие үңгірі және «Ақкелін» тарихи-мемориалдық кешені мен Павлодар қаласындағы Сұлтанбет Сұлтан ордасы республикалық маңызы бар орындарға жатады. Ал қалған 36-сы – облыстық маңыздағы орындар.

Хабар 24 телеарнасы