371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк ортақ мәлімдеме қабылдады

  • 507
  • UPD: 20:10, 30.01.2018

2018 жылы еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту үшін тексерістер 30 пайызға азаяды. Яғни бақыланатын сала саны қысқартылады. Бұл туралы бүгін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Сондай-ақ жауапты ведомство басшысы еліміздің 2018 жылға арналған экономикалық саясатының басты бағыттарын атады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ел экономикасының даму бағыттары Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттермен астастып жатқанын айтты.

2018 жылы 4 бағытқа басымдық беріледі. Олар: макроэономиканың тұрақтылығын сақтау; қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету; экономика салаларын және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Макроэкономикалық тұрақтылық ақша-несиелік және бюджет-салық саясатының, сондай-ақ қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Бағаның негізсіз өсуі, дефицитті қолдан жасауға бағытталған әрекеттер мен заңсыз бәсекелестік мәселерін бақылауда ұстаймыз. Қолайлы бизнес ортаны қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің орта табын қалыптастыру үшін жүйелі шаралар кешені әзірленеді.

ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесінде белгіленген басты міндеттердің бірі – тұрақты экономикалық дамуды 3-4 пайыз аралығында, ал  инфляция деңгейін 5-7 пайыз аралығында ұстап тұру. Ол үшін бірқатар кешенді шара қарастырылған. Сондай-ақ бүгін Үкімет үйінде бизнесті реттеу мәселесі де көтерілді. 2018 жылдан бастап кәсіпкерлердің ісін ілгерілету үшін тексерістер саны  едәуір қысқартылатын болды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Бизнесті құқықтық реттеу мәселесін жетілдіру заңнамалық деңгейде қарастырылады. Биыл бақыланатын 114 саланың 25-ін және қадағаланатын 18 саланың 3-еуін қысқарту жоспарда бар. Сондай-ақ жалпы тексерістерді 30 пайызға азайту көзделіп отыр.

Үкімет отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе – агроөнеркәсіптік кешенге цифрлы технологияларды енгізу. Бұл мақсатта саладағы 101 мемлекеттік қызметті автоматтандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ дәлме-дәл егін шаруашылығы элементтері мен «СМАРТ-ферма» жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе мал басын санауға және жылыжайларды автономды басқаруға мүмкіндік береді. Жауапты министрлік өкілдері таратқан дерекке сүйенсек, бұл бастамалар агроөнеркәсіптік кешендегі шығын мөлшерін 25 пайызға төмендетпек.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың мақсаты цифрлық технологиялардың енгізу және бизнесті ауыл шаруашылығына арналған IT шешімдерді әзірлеуге тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру болып табылады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беретін шараның бірі – Қазақстан Республикасының ауылды мекендерін талшықты-оптикалық байланыс жүйелері технологиясының көмегімен кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы. 2020 жылға қарай 20 мыңға жуық шақырым талшықты оптикалық байланыс желілерін орнатып, 1 249 елді мекенді интернетпен қамтамасыз етуді жоспалап отырмыз.

Агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Айта кетейік, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын ел экономикасының қозғаушы күшіне балаған болатын. Ал аталған саланы дамыту үшін кешенді тез арада жоғары технологиялық, инновациялық секторға айналдыру қажет.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Азамат Сәметов

Осы категория бойынша: « Қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына шектеу қойылуы мүмкін Н.Нығматулин: Ауылдық және қалалық үкіметтік емес ұйымдарға өз ерекшеліктеріне қарай жағдай жасау қажет »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы