379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Президентінің Өзбекстандағы мемлекеттік сапары жалғасуда

  • 250
  • UPD: 19:33, 15.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Көксарай» резиденциясында сән-салтанатына сай күтіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі елдің әнұраны орындалып, мемлекет басшылары дипломатиялық өкілдермен кездесті. Ресми салтанаттан кейін жеке және кеңейтілген құрамда кездесулер өтті. Онда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік-гуманитарлық және көлік-транзиттік салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды.

Кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі басты тақырыптар да қаралды. Ең бастысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі жақсара түсетінін  атап өтті. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 3 миллиард АҚШ долларына жуықтаған.

Кездесуде Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің бірлескен мәлімдемесі жарияланып, бірқатар мәселе бойынша үкіметтік деңгейде құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Одан бөлек «Аймақаралық ынтымақтастық, сауда, трансшекаралық байланыс, туризм, көлік және мәдениет саласындағы жарияланған бастамалар мен жобалар бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзбекстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа қызметімен құттықтап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасында мызғымас бауырмалдық байланыс орнатқаны үшін өз алғысын білдірді. «Оған қоса Өзбекстанның Қазақстандағы жылы бұл байланыстың нығаюына ықпал етті», – деді көрші ел басшысы. Ресми кездесуден кейін қос ел басшысы Қазақстанның Өзбекстандағы жылының салтанатты ашылуына қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Күн тәртібіндегі сұрақтарға қатысты тиімді пікір алмасамыз деп үміттенеміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы еңбегінің арқасында екіжақты байланыс орнады. Ал сіз президент ретінде бұл байланысты нығайтып, жаңа деңгейге көтердіңіз. Екіжақты қарым-қатынасымызға берген бағаңызбен келісемін. Менің міндетім – осы серіктестікті сақтап, одан әрі дамыту. Осы мақсатта мен еңбек ете беремін.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

– Сіздің алғашқы мемлекеттік сапарыңызды Өзбекстаннан бастағаныңызды жоғары бағалаймыз. Сізді тағы бір мәрте Қазақстан Республикасының Президенті атануыңызбен құттықтаймын. Қазақстан – көршілес мемлекет әрі сенімді серіктес. Соңғы жылдары екіжақты байланыс барлық салада нығайып, жаңа деңгейге көтерілді. Осы сәтті пайдаланып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ыстық ықыласымды білдіргім келеді.

Хабар 24 телеарнасы