384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының гала-фестивалін тамашалады

  • 320
  • UPD: 20:38, 06.07.2019

Елордада жекпе-жек сарайы ашылды. Сол жағалауда орналасқан жаңа нысанды бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аралап көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Президент сарайда өткен жауынгерлік өнер қауымдастығының гала-фестивалін де тамашалады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Жауынгерлік өнер ассоциациясы Елбасының бастамасымен былтыр құрылды. Содан бері оның қол астына еліміз бойынша 20 федерация бірігіп, каратэ, таэквандо, муай-тай сынды спорт түрлерімен айналысатын жастар саны 200 мыңнан асты. Ал осындай гала-фестивальдер 16 қалада ұйымдастырылды. Бас қалада бүгін өткен шара жаңа спорт сарайының ашылуымен тұспа-тұс келді.

Жауынгерлік өнер қауымдастығы салауатты ұлт қалыптастырып, арнайы органдар үшін кадр даярлау бағытында құрылған. Яғни, олимпиадалық емес спорт түрлерін дамытатын орталық орган ретінде жұмыс істейді. Ұйымның әр аймақта өкілдіктері ашылған. Демек, ұлт саулығының кепілі болар өрендерді тәрбиелейді.

Қауымдастық шетелдік бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Жаһандық және құрлықтық бәсекелерді өткізу де отандық федерацияларға сеніп тапсырылады. Ал мемлекет қолдау аясын кеңейте бермек. Осының айқын көрінісі ретінде бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев гала-фестивальге арнайы келді. Өрендердің өнерін тамашалап, ыстық ықыласын білдірді.

Фестиваль аясында қазақстандық кәсіпқой спортшылар шетелдік қарсыластарымен шеберлік те байқасты. Бір парасы жеңіске жетіп, арнайы кубоктар мен белдіктерді еншіледі. Бірақ басты бәсекелер алда. Еліміз келер жылы муай-тай және самбодан әлем чемпионатын өткізеді. Ал 2021 жылы жауынгерлік спорт түрлерінен Бүкіләлемдік ойындарды қабылдайды.

Фархад Аманқұлов, Жауынгерлік өнер қауымдастығы бас хатшысы:

Елорда күніне орай гала-фестиваль өткізіп отырмыз. Халықаралық спорт құрылымдарының өкілдері шақырылды. Алдағы уақытта байрақты бәсекелер бар. Соған арнайы құрама жасақтауымыз керек. Осы фестиваль арқылы спортшылардың саны артып келеді. Мәселен, Алматыда қазір муай-тай үйірмесіне 300 адам жазылды. Ал Атырауда 8 мың өрен жауынгерлік спорттың барлық түрімен айналысуға ниет білдірді.

Енді жаңа спорт кешеніне келсек, жекпе-жек сарайы 5 мың көрерменге арналған. Аумағы 32 мың шаршы метр. Мұнда халықаралық деңгейдегі кез келген жарысты өткізуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта күрес, бокс, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ және таэквандодан байрақты бәсекелер ұйымдастырылуы тиіс.

Раухан Тұғымбаева, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы:

- Барлық 20 спорт түрінен осы жерде жаттыға алады. Сонымен қатар бассейн бар. Татами төселген залдар да бар. Олимпиадалық спорт түрлері де осында оқу-жаттығу жүргізе алады.

Кешенде өрендердің шынығып, шымыр болуына бар жағдай жасалған. Үйірмелерді бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аралап көрді.

Балтабай Бақжел, самбошы:

- Ең үлкен жаңа спорт кешені бізге ұнап жатыр. Татамилер керемет. Барлық жастарды самбомен айналысуға шақырамын. Денсаулыққа да пайдалы.

Осылайша, елордадағы спорт сарайларының қатары толықты. Бірнеше жыл бойы жүргізілген құрылыс қала күніне орай аяқталып, өрендердің қуанышын еселей түсті.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы