426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы ҚХР Сыртқы істер министрін қабылдады

  • 182
  • UPD: 21:26, 12.09.2020
Мемлекет басшысы ҚХР Сыртқы істер министрін қабылдады фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қытай Сыртқы істер министрінің сапары күрделі кезеңде, әлемде пандемия өршіп тұрған тұсқа сәйкес келгенін атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жұқпалы індетке қарсы бірлескен жұмысты атап өтіп, осынау қысылтаяң шақта көрсеткен көмек үшін Қытай билігіне алғыс айтты. Бұдан бөлек, ол Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге сәлем жолдап, Қазақстанға мемлекеттің сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде Ван И Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізіп, Қытайдың екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Министр мырза, астанамызға қош келдіңіз. Сапарыңыздың Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестікке қосымша серпін беру тұрғысынан маңызы өте зор деп есептейміз. Тура бір жыл бұрын мен Бейжіңге мемлекеттік сапармен бардым. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырза жылы қабақ танытып қарсы алды. Сапар қорытындысы бойынша стратегиялық серіктестік жөнінде бірлескен декларацияға қол қойдық. Бұл құжат өте маңызды. Сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытудың платформасы деуге болады. Осы сәтті пайдалана отырып Сіз арқылы әріптесіме, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырзаға сәлем жолдаймын және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын.

Ван И, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі:

- Сізге әуелі Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіз. Қытай Халық Республикасы Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге зор мән береді. Бұл күн тәртібіндегі маңызды элементтердің бірі. Бұл ретте қазақстандық делегацияны Қытайда өтетін ЭКСПО импорт көрмесіне қатысуға шақырамын.

Хабар 24 телеарнасы