374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы қаласының Наурызбай ауданында жаңа мектеп-гимназия ашылды

  • 573
  • UPD: 23:13, 01.09.2018

Білім күніне орай Алматы қаласының Наурызбай ауданында жаңа мектеп-гимназия ашылды.

Оқу ордасының басты артықшылығы, онда инклюзивті білім беруге барлық жағдай жасалған. Жалпы шаһарда бүгін 3,5 мың орындық бес жаңа мектеп қолданысқа берілді. Олардың қатарында мамандандырылған IT-лицей де бар.

Бүгін – Наурызбай ауданының тұрғындары үшін ерекше күн. Оқушылар жаңа мектепте оқитындарына дән риза. Ата-аналар да қуанышты. Өйткені балаларын алысқа апарып әуре болмайды. Осыдан төрт жыл бұрын аудан құрылған уақытта мұнда 8 мың бала тұрса, қазір олардың саны 13 мыңнан асқан. Сондықтан аудандағы білім ошақтарының санын көбейтіп, қолда барын күрделі жөндеуден өткізуге ерекше көңіл бөлініп келеді.  

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

– Мемлекет өз болашағын ойласа, мектеп салу керек. Білімді ұрпақ тәрбиелеу керек. Тек қана білімді ұрпақ – біздің Қазақстанның табысты болашағының кепілі. 

Жаңа мектеп-гимназияның ең басты артықшылығы, инклюзивті білім беруге барлық жағдай бар. Тактильді жол төселіп, лифт орнатылған. Арнайы санитарлық бөлме ашылып, «шақыру түймесі» қойылған. Мамандардың айтуынша инклюзивті білім беру әдісі ерекше балалардың қоғамға тез бейімделуіне әсер етеді.

Гүлбүбі Молдасан, қала тұрғыны:

– Ыңғайлы екен. Лифт бар. Осы жақсы кісілердің көмегіне рақмет. Қызым ел қатарына қосылса екен деймін. Аяғын тік басып алса екен деп армандаймын.  

Алматыдағы бірінші IT-лицей Панфилов атындағы №54 Қазақстан-Ресей мектеп-лицейінің негізінде ашылып отыр. Дәл осы жердің таңдалуы тегін емес. Білім ошағы 1996 жылдан бастап информатика, математика пәндерін тереңдетіп оқып келеді. Ұстаздар ұжымы да мықты. Осы уақытқа дейін 200-ден астам оқушысы әртүрлі IT-байқаулар мен олимпиадаларда топ жарған. Жаңа мәртебе IT-лицей оқушыларының цифрлық технологиялардың жаңа бағыттарын бұдан да тереңірек зерттеуіне мүмкіндік береді.

Гүлнәра Қарамеңдинова, №54 И. Панфилов атындағы мамандандырылған лицей директоры:

– Біз үшін бұл үлкен жауапкершілік. Шетелдік әріптестермен байланысты күшейтеміз. Қазіргі таңда 3 информатика кабинеті ашылды. Цифрлық зертхана, медиа-аймақ, дизайн және 3D-модельдеу студиясы бар. Робототехника кабинетіміз жұмыс істейді. Кішігірім киностудия да бар. Оқушылар цифрлық технологияларды меңгеруді бесінші сыныптан бастайды. Лицейге арнайы байқаудан өткен қала оқушыларын қабылдаймыз.   

Жалпы 1 қыркүйек Білім күні Алматы қаласында 240 мыңнан астам бала партаға отырды. Соның ішінде 25 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығынан алғаш рет аттап отыр.  

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев, Нұрдәулет Жақсыбаев

Осы категория бойынша: « Астанадағы қыз балаларға арналған мектеп оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алды Астанада №72 мектеп-лицейдің жаңа оқу ғимараты ашылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы