383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде сұранысқа ие ЖОО-лардың ұлттық рейтингі жарияланды

  • 280
  • UPD: 23:34, 23.05.2019
Елімізде сұранысқа ие ЖОО-лардың ұлттық рейтингі жарияланды

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі Тәуелсіз аккредиттеу агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚР сұранысқа ие ЖОО-ларының ұлттық рейтингі-2019-да» жетекші көшбасшылар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті болды.

Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі (ТАРА/IAAR) жыл сайын өткізетін рейтингтік зерттеулер ЖОО-лардың негізгі міндеттері – түлектерді даярлау сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін өсіруге қол жеткізуге бағытталған.

ТАРА І санатты сарапшысы, ф-м. ғылымдарының докторы, профессор К. Шөнкеевтің, ТАРА рейтингтік зерттеу жобасының басшысы Г.Ниязовтың айтуынша, Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі 2019 жылы рейтинг жүргізу кезінде заманауи нұсқаны қолдану негізінде ЖОО-ларды саралаудың цифрлық бағдарламасының әдістемесі жақсартылған. Саралаудың цифрлық технологиясына Webometrics жекелеген элементтері қосылған, бұл объективті әрі айқын баға беруге мүмкіндік береді, және тиісінше осындай ақпарат қызығушылық танытушылар мен академиялық қауымдастық тарапынан сенімге ие болады.

Осылайша, ЖОО-ларды саралаудың цифрлық технологиясы автоматты режимде 456 білім беру бағдарламасы бойынша, деңгейлері (бакалавриат – 165, магистратура – 159 және докторантура – 132) және мамандарды даярлаудың 13 бағыты (білім беру, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, жаратылыстану ғылымдары, техникалық ғылымдар және технологиялар, ауыл шаруашылығы ғылымдары, қызметтер, әскери іс және қауіпсіздік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, ветеринария, есептеу техникасы) бойынша қорытынды есепті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ҚР ЖОО-ларының «ТОП-20» бас рейтингі білім беру бағдарламаларының барлық бағыттару мен деңгейлері (бакалавриат, магистратура және докторантура) бойынша жинақталған жиынтық балл бойынша анықталады.

«Сұранысқа ие ЖОО-лардың ұлттық рейтингі-2019-ға» еліміздің 87 ЖОО-сы қатысты. Саралау жұмыстарын жүргізу кезінде зерттеуге қажетті өзекті және, ең бастысы, сенімді дұрыс ақпаратты алу және өңдеу аса қиындық тудырды. Сондықтан да, қате ақпарат бергені үшін 28 ЖОО бұл тізімге енгізілмеді. Осылайша, Рейтингке саралауға қатысу үшін барлық талапты орындаған 59 ЖОО қосылды, олар: 8 ұлттық университет, 21 мемлекеттік, 10 акционрелік және 20 – жекеменшік ЖОО.

Айта кету керек, ЖОО-ларды саралауды жүргізу әдістемесінің негізіне мына критерийлер алынған:

Біріншіден, бакалавриат – магистратура – докторантура даярлық деңгейлері бойынша институционалдық және мамандандырылған аккредитация туралы мәліметтер.

Екіншіден, түлектерді жұмысқа орналастыру және олардың еңбек нарығындағы сұранысы.

Үшіншіден, адам ресурстарын дамыту деңгейі.

Төртіншіден, білім беруді интернационализациялау және академиялық ұтқырлықты дамыту.

Бесіншіден, оқытушылардың, магистранттар мен докторанттардың ғылыми-жариялық белсенділігі, ол — жоғары оқу орнының әлеуеті мен тиімді ғылыми қызметінің белгісі.

Осылайша, жыл сайын жүргізілетін ЖОО-лардың ТАРА/IAAR мониторингі республиканың білім беру ұйымдарына білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге және арттыруға, және алдағы уақытта білім кеңістігінің халықаралық деңгейіне шығуға ықпал етеді.

Хабар 24 телеарнасы