380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа-Азия ғалымдары білім беру саласында тәжірибе алмасу үшін елордада бас қосты

  • 234
  • UPD: 08:41, 24.05.2019

Назарбаев Университетінде Еуропа мен Азияның ғалымдары кездесіп, білім беру саласы бойынша өзара тәжірибе алмасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында әдістемелік жүйені жаңғырту туралы талқылады. Оқытушылар құрамын қайта даярлау, заманауи инфрақұрылым, оқуға түсу қолжетімділігі, сондай-ақ азаматтардың білімге деген құштарлығын бәсеңдетпеу мен көптілділік қағидаты басты назарға қойылды.

Білім және ғылым саласында Қазақстанның алған бағыты оң, қадамы ширақ. Күні кеше Назарбаев Университетінде ұйымдастырылған конференция қонақтары осындай пікір айтты. Гонконг, Нидерланд, АҚШ, Польша, Эстония, Әзербайжан мен Ресейден келген білім басқармаларының өкілдері қазақстандық әріптестерімен бірге саланы цифрландыру, тың әдістерді енгізу мен тіл саясаты туралы пікір алмасты.

Наталья Вербицкая, Орал мемлекеттік орман-техникалық университетінің профессоры /Ресей/

– Мұндай шараның барлығы Қазақстандағы білім беру жүйесінің қарқынды дамуы аясында жүріп жатқандығы қуантады. Қазақстан көрші елдердің тәжірибесін өте ұтымды пайдаланып отыр. Шет мемлекеттердің қателіктерін қайталамай, өзіндік жаңа білім беру үлгісін қалыптастырып келеді.

Халықаралық конференцияның өтуіне Назарбаев университетімен қатар, Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы да ұйытқы болды.

Үштілділік туралы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова өткен аптада Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданында өткен жалпыұлттық ата-аналар жиналысында да айтқан болатын. Бозайғыр ауылына барған жұмыс сапарында министр латын әліпбиіне көшу жайын да сөз етті.

Күләш Шәмшідинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Балалардың әрине білім сапасын көтеру керек. Одан кейн үштілділікке байланысты мәселелер бар. Біз республика бойынша латын әліпбиіне көшуге байланысты үлкен жұмыстар атқаруымыз керек. Себебі өздеріңіз білесіздер, латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу кезіндегі ең үлкен жұмыс атқаратын мектеп. Себебі оқу жоспарлары бар. Балаларды тілге, әліпбиге үйретуіміз керек.

Жалпы білім саласындағы мәселелердің көш басын апатты ғимараттар бастап тұр. Сондай-ақ 3 ауысымда оқитын мектептердің саны 130-ға жуықтайды. Айта кетейік, алдағы 3 жылдың ішінде республика бойынша 190 мектеп салынады. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап әліппені қайтару бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Оспанов, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы