384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде 2425 мектеп түлегі ҰБТ тапсырады

  • 305
  • UPD: 14:02, 21.06.2019

Кешелі бері түлектер білімі сыналуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін ақтөбеліктердің де көңілдері алып-ұшып тұр. Жалпы, Ақтөбе облысында Ұлттық бірыңғай тестілеу 15 арнайы орында өтіп жатыр. Басым бөлігі өңір аудандарында орналасқан. Сынақ тапсыруға биылғы мектеп түлектерінің 83 пайызы өтініш берген. Олардың арасында «Алтын белгі» және үздік аттестат үміткерлері де бар.

Ақтөбе облысында Ұлттық бірыңғай тест тапсыру соңғы екі күннен бері өтіп жатыр. Бұған дейін аудан орталықтарында басталса, бүгін қалада бастау алады. Ол үшін өңір орталығында үш арнайы орталық жасақталған. Соның бірі – біз тұрған №8 орта мектеп.

Осыдан бір сағат бұрын мұнда Білім және ғылым министрлігінің өкілдері келді. Олар тест тапсыру барысын соңына дейін қадағалайтын болады. Одан бөлек бес адамнан құралған мемлекеттік комиссияның мүшелері бар. Олардың да атқаратын жауапкершілігі зор. Барлығы да тиісті орындарына жайғасты. Бүгін бұл орталықта 340 талапкер Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Қазірден бастап мектеп түлектерін аудиторияға кіргізу басталды. Әрине, барлығы да бұл сынақтың өте маңызды және жауапкершілікке толы екенін түсінеді.

Жалпы, Ақтөбенің өзінде 2425 мектеп түлегі Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын болады. Олардың 159-ы «Алтын белгі» және жүзге жуығы үздік аттестат иегері. Аудиторияларға бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда. Ал талапкерлердің сынақ тапсыру сәтін олардың ата-аналары онлайн режимінде көру мүмкіндігі ие.

Ал облыс бойынша талапкерлердің ҰБТ тапсыруы маусымның соңғы күніне дейін жалғасады. Жаңа формат бойынша тест сынақтары жыл басынан бері екі рет өтті. Бірақ мемлекеттік грант иесі атану үшін осы жолғысы маңызды.

Айта кету керек, жалпылай алғанда, облыста 5178  талапкер тест тапсырады. Тамыз айында өтетін тағы бір сынақ жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік беруі тиіс.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы