420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанға арналған вакцинадан чип табылғаны туралы ақпарат фейк

  • 177
  • UPD: 20:45, 17.12.2020
Қазақстанға арналған вакцинадан чип табылғаны туралы ақпарат фейк

Желіде Қазақстанның барлық тұрғындарына арналған «видеоескерту» таратылды. Роликтің авторы чиптері бар шприцтерді камераға көрсетеді. Кадр сыртындағы адам мұндай вакцинациядан кейін «адам бірден тозаққа түседі» дейді. Мұның барлығы фейк, деп хабарлады Stopfake.kz.

Шын мәнінде ролик авторының көрсеткені жануарларды чиптеуге арналған жүйелер. Оны кадрда көрінетін қаптамадағы жазудан білуге болады: Animal ID, ICAR Certified.

Шприцтердегі дәл осындай чиптерді интернет-дүкендер мен дәріханалардан оңай табуға болады. Сипаттамада олар ірі қара мен ұсақ малдарға арналған деп жазылған. 

Құрылғылар жануарларға тері астына енгізіледі және ақпарат беретін «паспорт» қызметін атқарады. Бұл шекарадан өткізілетін жануарлар үшін міндетті. Кейбір елдерде иелері мемлекеттен тыс шығаруды жоспарламаса да кез келген үй жануарын чиптеу қажет.

Сондай-ақ COVID-19 вакцинасының бір дозасын сатып алып, оны үйге әкелу мүмкін емес екенін атап өткеніміз жөн. Жаппай вакциналау науқандары әзірге тек Ұлыбритания мен АҚШ-та ғана басталды, онда екпелер пациенттерге тек медициналық мекемелерде ғана жасалады. Қазақстанда азаматтарды вакциналау әлі басталған жоқ. Бұл видеодағы чип кез келген вакцинаның бөлігі бола алмайтындығын, тек үй жануарлары мен малды тіркеу құралы екенін дәлелдейді.

Хабар 24 телеарнасы