389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады

  • 682
  • UPD: 10:55, 22.05.2019

Биылғы жыл басталғалы елімізде 135 мыңнан астам адам еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасты.

Осылайша республикадағы алғашқы цифрлық платформа өз нәтижесін көрсете бастады. Электронды еңбек биржасы жұмыс істегелі мұнда 985 мың бос жұмыс орны мен 732 мың түйіндеме орналастырылды. Жалпы, биыл елімізде қанша адам жұмыспен қамтылған.

Иә, еңбек нарығын цифрландыру – әлеуметтік еңбек саласын жаңғыртудың басты факторларының бірі. Сондықтан еңбек биржасын жетілдіру биылғы жылы да жалғасады. Яғни жаңа жұмыс орындарының картасы енгізіліп, онлайн оқыту, виртуалды консультанттар пайда болады.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, еліміздегі жұмыс күшінің саны 9 миллион 200 мың адамды құрады. Республика экономикасында оның 8  миллион жеті жүз мыңы жұмыспен қамтылған. Яғни жасы 15-тен асқан еңбекке жарамды халықты жұмыспен қамту деңгейі 66,5 процентті құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 процентке жоғары. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, жұмыспен қамтылғандардың 81 процентінің жоғары немесе арнаулы білімі бар. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,8 процент болды. Жұмыспен қамтылғандардың 16 проценті сауда саласында, 13,8 проценті ауыл шаруашылығында, 12,6 проценті өндірісте және дәл осыншамасы білім беру саласында қызмет атқарады.

Тайынша ауданында ет комбинаты ашылды

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында ірі ет комбинаты іске қосылды. Ол шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығарады. Кәсіпорынның шикізат қуаттылығы – 5 мың тонна. Ал инвестиция көлемі 5 миллиард теңгені құрады. Мұнда әзірге 74 жаңа жұмыс орны ашылған. Алайда барлығы 100 адам еңбекке тартылады. Ет комбинаты неміс технологиясы бойынша салынған. Бірнеше цехтан тұрады. Алдағы уақытта 50 мың бас талпақ танауға шақталған кешен іске қосылады. Ет негізінен экспортқа бағытталған.

Айта кетейік, Тайынша ауданында былтыр Bio Operations зауыты жұмыс істеген болатын. Кәсіпорын 450 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мемлекеттік қарыз – 15 трлн теңге

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 15 триллион теңгені құрады. Ол жалпы ішкі өнімнің 25,8 процентін құрайды. Бұл туралы қаржы министрі Әлихан Смайлов мәлімдеді. Қарыз көлемінің өсіуіне бюджеттің кем тұстарын қаржыландыру және теңгенің әлсіреуі әсер етіп отыр. Ведомство басшының айтуынша, кәсіпорындардың берешегін қоспағанда мемлекеттің ішкі қарызы 57,7 миллиард АҚШ долларына тең. Яғни 2017 жылмен салыстырғанда 5,4 миллиард теңгеге азайған.

Әуе тасымалы азайды, бірақ табыс артты

2019 жылдың қаңтар-сәуір аралығында ұшақпен қатынайтын  жолаушылардың саны азайды. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7 процентке қысқарып, 2 миллион 200 мың адамды құрады. Дегенмен әуе тасымалынан түскен табыс 17,8 процентке артты. Оған билет бағасының қымбаттауы әсер еткен. Биыл қаңтар-сәуір аралығында ұшақ билеттері 17,1 процентке қымбаттады. Өсім әсіресе Маңғыстау, Жамбыл, Атырау облыстарында байқалған. Ал Солтүстік Казақстанда, керісінше, бағаның 7,9 процентке арзандағаны байқалады. Сондай-ақ әуе компанияларының табысының көбеюіне ұшақпен тасымалданатын жүк көлемінің артуы себеп болған. Бір жыл ішінде ол 8 мың тоннаға көбейді. 

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша, АҚШ доллары 378 теңге 87 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 380 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы