425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зейнеткерлер ипотекаға үй ала алады

  • 299
  • UPD: 12:31, 05.11.2020
Зейнеткерлер ипотекаға үй ала алады

АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты әлемдегі ірі биржалар құбылып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропа нарығында сауда-саттық ашылған сәтте құлдырау байқалған еді. Бірақ Америкадағы шешуші рөл атқаратын кей штаттарда Байден басым түсіп келеді деген ақпараттан кейін баға қайта көтерілді.

Соңғы мәліметтке қарағанда саяси науқан аясында медицина саласына қатысы бар компаниялардың акциялары қымбаттаған. Сондай-ақ қара алтынның құны 2%-ке өсті.

 

АҚШ-тың қор нарығында өсім бар

АҚШ-тың қор нарығы ашылған сәтте технологиялық компаниялардың акциялары қымбаттады. Сауда-саттық басталмай тұрып елдегі ең ірі 500 компанияның фьючерстік келісімдері қысымға ұшыраған еді. Оған Дональд Трамптың жеңіске жеттім деп жар салуы себеп болды. Бірақ сайлау қорытындысы әлі белгісіз болғандықтан, бағалар қайта көтерілді. Сондай-ақ әлемдік нарықта мұнай құны да сәл жоғарылады. Оған ОПЕК+ елдерінің қара алтын өндірісін қысқарту туралы келісімді ұзартуы мүмкін деген болжам себеп болды. Қазір Brent маркалы мұнайдың баррелі 41 АҚШ доллары шамасында саудаланып жатыр. Десе де сарапшылар егер АҚШ-тағы сайлауда жеңіліс тапқан үміткер нәтижеге келіспей, дау шығарса, Америкада саяси дағдарыс ұзаққа созылуы мүмкін дегенді айтады. Мұндай жағдайда инвесторлар мен трейдерлердің белсенділігі бәсеңдеп, сауда-саттықта бағалар төмендеуі мүмкін.

 

Жеңілдетілген несие кімге бұйырады?

Отандық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру шарттарына наразы. Олардың айтуынша, кепіл мүлікке қойылатын талап өте жоғары. Бұл жеңілдікпен берілетін несиені алуға үлкен кедергі болып тұр. Нақтырақ айтсақ, екінші деңгейлі банктер аумағы 150 шаршы метрден кем жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде алмайды. Оның үстіне мүлік қала маңынан алыс болмауы керек. Сондай-ақ астық сақтайтын қоймаларды кепілге қабылданбайды. Ал ауыл шаруашылығы техникасына келсек, қаржы ұйымдары тек шет елден әкелінген техниканы ғана есепке алады. Ал мұндай мүмкіндік екінің бірінде жоқ. Сондықтан шағын шаруа қожалықтар қаржыны несие беру ұйымдарынан қысқа мерзімге алады. Көбі қарызды уақытылы өтей алмағандықтан, мерзімін ұзартып, артық төлеуге мәжбүр.

Талғат Өтекеев, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Қостанай филиалы төрағасының орынбасары:

– Несиелеу мерзімін бес жылға ұзарту керек. Қазір ауылдық жердегі шаруалар айналымдағы қаржысын толықтыру үшін шағын қаржы ұйымдарынан қысқа мерзімді несие рәсімдейді. Өйткені кейбір аудандарда банк бөлімшелері жоқ. Оның үстіне өнімнің мол боларына ешкім кепілдік бермейді. Егер аз болса, шаруалар бар ақшасын банкке төлеуге мәжбүр. Келер жылғы көктемде егін егу үшін тағы да қарыз алады. Шаруалар қиналмау үшін несие қайтару мерзімі ұзақ болғаны дұрыс деп санаймыз.

 

Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге әлі жеткен жоқ

Кәсіпкерлер үкіметтен қолдау күтеді. Карантин кезінде шығынға батып табысы азайған шағын және орта бизнесті қайта қаржыландыру әлі күнге дейін басталған жоқ. Жылдық үстемесі 6%-пен несие беру туралы сөз осыдан екі ай бұрын көтерілген еді. Бірақ жүзеге асыруда асығып жатқан жан жоқ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мәлімдеді. Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерден өтініш қабылдамайды. Қабылдағандардың өзі әлі күнге дейін нақты жауап бермеген. Яғни кәсіпкерлікті қолдауға берілген миллиардтар қажетіне жаратылмай пайдасыз жатыр. Сондықтан халық қалаулысы базнесті қайта қаржыландыру процесіне жедел кірісу керек. Ал бағдарламаны жүзеге асыруды кешіктіргендер жауапқа тартылуы тиіс дейді.

 

Зейнеткерлер ипотекаға үй ала алады

Жасы 65-тен асқан зейнеткерлер 5-20-25 бағдарламасымен ипотекаға үй ала алады. Жаңа ереже бойынша несие тек үйге мұқтаж ретінде әкімдіктің кезегінде тұрғандарға беріледі. Ипотекалық қарыз алу үшін зейнеткер өзімен бірге сенімді екі адам ерітіп келуі керек. Олардың айлық табысы 101 мың теңгеден жоғары болуы шарт. Пәтерді жаңа үйлерден де жеке тұрғын алабынан да сатып алуға мүмкіндік бар. Айта кетейік, Ұлттық банк осы бағдарламаға 390 млрд теңге бөлді. Оның 180 млрд-ы құрылысқа жұмсалады. Яғни елдің өңірлерінде 15 мың пәтер салынбақ. Қалған 210 млрд теңгесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне беріледі. Ол кезекте тұрғандарды қаржыландырады.

 

Көмірдің құны

Алдағы үш тәулікте күн жылы болады. Осындай мамыражай күндерді пайдаланып, қыстың қамын ойлау маңызды. Бүгін нарықтағы баға айдарында көмірдің құнына шолу жасаймыз.

Қазақстан бойынша қатты көмір Павлодарда арзан. Мұнда тоннасы 12 мың теңгеден басталады. Елордада 12 700 тг деп белгіленген. Ақмола облысының орталығында 13 мыңнан. Қатты отынның тоннасы Қарағандыда 14 мың саудаланады. Қостанайда 15 мыңға алуға болады. Ал Ақтөбедегі әріптестеріміз көмірдің тоннасы 17 мың екенін айтты. Қазақстан бойынша көмір ең қымбат өңір – Петропавл. Мұнда тоннасы 17 мыңнан.

 

Валюта бағамы

Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 432 теңге 12 тиынға тең. Еуро 504 теңге 46 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 46 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы