374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан экономиканың сапалы әрі тұрақты өсіміне қол жеткізуді көздейді

  • 143
  • UPD: 20:17, 07.09.2018

Енді елдің қаржылық әлеуетін күшейтуге бұрынғыдай ұлттық компаниялар жұмылмайды.

Мемлекет жеке секторға, шағын және орта бизнес өкілдеріне сенім артады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. АҚШ, Ресей, Түркия мен Иранның бір-біріне салған санкциялары жаһандық дамуға кері әсерін тигізіп жатыр. Ал бізге экономиканы тұралатпау үшін өрлеп-өсудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырған жөн. Осы мақсатта 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары қабылданған еді. Құжат енді 7 негізгі бағытпен ерекшеленіп отыр. Алғашқысы «жаңа адами капитал» деп аталады. Бұл бағытта заманауи экономиканы игере алатын кәсіби мамандар даярлау көзделген. Екіншісі – «Технологиялық жаңарту және цифрландыру». Мұның астарында инновациялық инфрақұрылымдар мен жаңа индустрияны қалыптастыру мақсаты тұр. Үшіншісі – «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес». Бұл бөлімде жеке секторды жандандыру жайы қозғалған. Ал «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет» атты төртінші бағытта сот жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеу қамтылған. Бесіншісі – «Мықты өңірлер және урбанизация». Бұл тұрғыда аймақтардың дербес дамуы қаралса, алтыншысы «Қоғамдық сананы жаңғырту» деп аталады. Ал соңғысы «Мемлекеттік сектор өзгерістердің көшбасшысы ретінде» деген атауға ие. Бұл бағыт мемлекеттік органдар мен ұйымдардың рөлін арттыруға бағытталған.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар қабылдадық. Соның негізінде экономикалық өсімнің жаңа моделіне ауысу процесін бастаймыз. Ондағы мақсат – 2025 жылға дейін экономиканың сапалы әрі тұрақты өсіміне қол жеткізу. Жаңа экономикалық модельге ауысу үшін 7 жүйелі өзгеріс пен 7 басым саясат үйлестірілетін болады. Бұл жоспар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуі үшін тұрақтылық пен дамудың теңгерімділігін қамтамасыз етеді.

Осы категория бойынша: « Тимур Сүлейменов экономикалық дамудың жаңа үлгісіне қатысты пікір білдірді Қазақстан мен Қытай іскерлік қарым-қатынасты күшейте түсуге ниетті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы