378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық тауарлар Беларусь нарығына шығу үшін қосымша сараптамадан өтпейтін болды

  • 425
  • UPD: 23:38, 22.01.2019

Беларусь билігі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келетін тауарлардың қосымша сараптамадан өту туралы ережесін алып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстан кәсіпкерлері өз өнімімен Беларусь нарығына шығу үшін қайта сертификаттаудан өтпейтін болды. Осыған дейін іскерлер бұған уақыты мен қаражатын жұмсайтын, сол себептен тауарларының да бағасы шарықтап кеткен еді.

Беларусь қосымша сараптамаларды 2015 жылы енгізген болатын. Ресми Минск нарыққа күмәнді тауар түспес үшін осындай шараға баруға мәжбүр екенін мәлімдеген. Одаққа мүше өзге елдер болса «Беларусь еркін сауда жолында қажетсіз кедергілер орнатты» деп айып тақты. Еуразиялық экономикалық комиссия 2017 жылы осы сараптамаларды артық деп санап, Беларуське одан бас тартуға нұсқау берген. Еуразиялық үкіметаралық кеңес те осы ұстанымды қолдап, 2019 жылдың бірінші қаңтарына дейін бұл әкімшілік рәсімді алып тастауды ұсынды. 

Олег Чесалов, Минск қалалық кеңесінің депутаты:

– Бұл тауарлардың жеткізілу ретін жеңілдетеді. Өнім көп болса, тұтыну артады, тиісінше экономика да өседі. Ал екіншіден, бұл – интеграцияға жасалған кезекті қадам.

Қосымша тексерулердің алынып тасталуы бизнестің дамуына септігін тигізеді. Сертификаттауға қажетті құжаттың саны едәуір азайып, кәсіпкерлер уақыты мен қаражатын үнемдейді. Экономистердің болжамынша, тауарлардың бағасы да енді арзандайды. Бұл – әрине халықты қуантатын жаңалық. Қазір кедергісіз Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығатын тауарлар тізімі дайындалып жатыр. Оның бір айда жасалатын түрі бар, сонда іс жүзінде қосымша сараптамалардың күші жойылмақ.

Олег Гайдукевич, либералды-демократиялық партия төрағасының бірінші орынбасары:

– Азаматтардың денсаулығына тікелей әсер ететін тауар түрлерін қосымша бақылау қалуы мүмкін. Беларусь, Ресей мен Қазақстан аумағында да. Алайда тексерусіз келетін тауарлар тізімі үнемі артып тұрады, осыдан тұтынушы тек пайда көреді.

Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде еркін саудаға кедергі келтіретін 70 шектеу бар екен.

Авторы: Дмитрий Лукша

Хабар 24 телеарнасы