389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда автомобиль өндірісінің көлемі 200 млрд теңгеге жуықтады

  • 164
  • UPD: 16:48, 10.10.2019
Қазақстанда автомобиль өндірісінің көлемі 200 млрд теңгеге жуықтады 7kun.kz

Қазақстанда автомобиль өндірісінің көлемі 200 млрд теңгеге жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

«Осы жылдың 8 айында отандық автомобиль құрастыру 1,5 есе артып, 32,3 мың бірлікке жетті. 2019 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда трейлер мен жартылай тіркемелерді қоса алғанда 28,6 мың автокөлік құралын құрастырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға көп. Оның 25,6 мың жеңіл, 1,7 мыңы жүк және 780-і автобустар. Жеңіл автомобильдер санының артуына қарамастан олардың бір жылдағы меншікті салмағы 93,5 пайыздан 89,4 пайызға қысқарды», – делінген таратылған ақпаратта.

2018 жылы 32,3 мың автокөлік құрастырылса, оның 30 мыңын немесе 92,9 пайызын жеңіл көліктер құраған. Ал биыл қазақстандық автозауыттар орташа есеппен айына 3,6 мыңға жуық көлік құрастырып жатыр. Бұл оларға 2019 жылдың қорытындысында шамамен 43 мың автомобиль шығаруға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, биыл сәуірде 4 048, мамырда 4 051 және шілдеде 4 064 автокөлік құрастырылған болатын. «АзияАвто» мен «СарыарқаАвтоөнеркәсіп» кәсіпорындары елімізде шығарылған трейлер мен жартылай тіркемелерді қоса алған барлық автокөлік құралдарының 91,6 пайызын құрастырған. «СарыарқаАвтоөнеркәсіп» бір жылдың ішінде өндірісін екі есеге жуық арттырып, 13,1 мың автомобиль құрастырды. Оның 12,3 мыңы – жеңіл көлік. 2019 жылдың қаңтар-тамызында автокөлік құралдары, трейлер мен жартылай тіркемелер өндірісінің көлемі бір жылдың ішінде 117,8 миллиардтан 197,9 млрд теңге жетті. Көлемнің жартысынан көбі «СарыарқаАвтоөнеркәсіп» автозауыты орналасқан Қостанай облысына тиесілі: 100,3 млрд теңге, 1 жылдағы өсім 2,2 есе. Жалпы көлемнің шамамен 42 пайызы «АзияАвто», «СемАЗ» және DaewooBus автозауыттары бар Шығыс Қазақстан облысында: 82,8 млрд теңге. Оның 69,2 млрд теңгесі «Азия Авто» зауытының еншісінде. Ал Ақмола облысында орналасқан «КамазИнжиниринг» 8,7 млрд теңгенің өнімін шығарған.

Хабар 24 телеарнасы