425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыдағы цифрлық форумда жасанды интеллекттің игілігі талқыланды

  • 1142
  • UPD: 20:43, 31.01.2020

Алматыда дәстүрлі Цифрлық форум өтті. Осымен 3-рет ұйымдастырылып отырған Халықаралық шара биыл «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» тақырыбын негізге алды. Ауқымды жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары, саяси көшбасшылар, IT саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

Форумның алғашқы отырысында IT саласының әлемдік алыптары мен саяси көшбасшылар цифрландырудың жаңа бағыты жасанды интеллектің игілігін қаузап, экономикаға тиімділігін сөз етті. Атап айтқанда, жасанды интеллектті көлік және логистика саласында пайдалану транзиттік бағыттарды оңтайландыруға көмектессе, кеден саласында шекарадан өту уақытын тездетеді, ал саудада көлеңкелі және контрафактілік тасымал көлемін азайтады деп атап өтті Қазақстанның үкімет басшысы Асқар Мамин. 

Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы:

- Өсімнің айтарлықтай бөлігін еңбек өтімділігі құрауы тиіс. Бұл орайда жасанды интеллекті дамытудың мүмкіндігін көріп отырмыз. Қазақстанда жасанды интеллекті қолдану  жалпы  экономкамызға  жылына 25 миллард доллар пайда әкеледі деп болжап отырмыз. Оның ішінде қызмет көрсету саласында жасанды интеллекті қолданудан 15 миллиард  доллар, тау-кен саласында  9 млрд.долларға дейін пайда түседі.   

Ресей Премьер министрі бұл салада көшбасшылыққа қол жеткізу үшін ЕАЭО елдері бірыңғай цифрлық сәйкестендіру жүйесін құру қажет екенін айтты. Бұл ортақ мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сандық технологияларды енгізген компанияларға жеңілдіктер қарастырылған. 

Руслан Еңсебаев, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Егер компания жұмысын неғұрлым ашық жүйеге көшіретін болса, біздің тараптан  қосымша құн салығын арттыруға  жеңілдіктер қарастырылған. Бұл бизнеске өте тиімді болары сөзсіз. Яғни енді олар өз тауар айналымдарын ашық көрсете алады.  Қосымша құн салығы бойынша ең  жоғарғы  шектеулі  көрсеткіш яғни  70 миллион  теңгеден   асып кетсе де,  тіпті 370 миллион теңгеге дейін жетсе де  банктерден кедергісіз несие алып,  компанияларының дамуына жұмсай алады.      

Қазақстанда Smart Data Ukimet жобасының аясында жасанды интеллект технологияларын қолданудың алғашқы қадамдары жасалған. Назарбаев Университетінің базасында Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты құрылды. Еліміздің сандық саладағы жетістіктерін форумға қатысқан халықаралық сарапшылар да жоғары бағалады.  

Винченцо Акуаро, БҰҰ цифрлық үкімет бойынша басшысы:

- Бұл  digital forum - цифрлық ынтымақтастық үшін маңызды платформа. Менің пікірімше,  мұндай шаралар  бір аймақ үшін ғана емес, әлем үшін де стартегиялық маңызы зор.  Себебі мұнда  өзара тәжірбие алмасып,  жаңа тың жобалары көруге болады. 

Сандық технология - жаһандық экономиканы дамытудың жаңа жолы. Оны дамытуға мүдделі елдердің басын қосқан бүгінгі форумда   Қазақстанның цифрлық өнімдерін халықаралық нарыққа шығару жолдары талқыланды. Шетелдік инвесторлар форумда таныстырылған отандық жобаларды қаржыландыруға  дайын. 

Эдонго Хэрв, инвестор /Швейцария/:

- Біз Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға инвестиция құю үшін келдік. Себебі Қазақстандық үкімет кәсіпкерлікке, сондай-ақ экожүйе сапасына аса мән беріп отыр. Осы форумда бүгін бізге екі стартап ұнады. Енді осы  жобаларды зерттеп, келісім-шартқа қол қоятын шығармыз

Форум отырыстарының бірі - білім саласын цифрландыруға арналды.  ЖОО мен колледждер, министрліктердің жұмысын автоматтандырумен айналысатын қазақстандық компания аз уақытта экспортқа шығып үлгерген. Биыл алғаш рет форум аясында ұйымдастырылған Digital Almaty Awards сыйлығының ІТ чемпион аталымын жеңіп алған жобаның тиімділігі орасан.   

Ұлықбек Мұхитдин, стартап жоба жеңімпазы:

- Үш басты тиімділігі бар, біріншісі – ол сыбайлас жемқорлық көрсеткіштерінің төмендеуі, 78 пайызға және де екіншісі экономикалық шығындардың азаюы, қағаздылықтан босатылу арқасында 4,5 миллион доллар ақша үнемделеді. Онлайн түрде қолжетімді ақпарат алу. Осының бәрі автоматтандырудың ең басты мақсаты да, соған біз жеттік. 

Digital Almaty халықаралық форумы аясында бірқатар маңызды келісімшарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында QWANT жоғары технологиялық мектебін ашу туралы келісім қаржы индустриясын цифрландыруға ақпал етеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Алуа Маханбет, Олжас Байбосын

Хабар 24 телеарнасы