427,07 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тәуелсіздік жылдары Маңғыстау облысында өнеркәсіп өндірісі 56% өсті

  • 1479
  • UPD: 23:56, 16.12.2020

Маңғыстау облысында Тәуелсіздік алғалы өнеркәсіп өндірісі қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 20 жылда жергілікті өнім көлемі екі есе артып, 56% өскен. Мұнай-газға тәуелді өңір өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере бастады. Ақтауда жол битумы, Шетпеде цемент өндіретін ірі зауыт салынды. 2003 жылы Ақтаудың іргесінде «Арнайы экономикалық аймақ» ашылды. Мұнда 18 инвестициялық жоба жүзеге асып, жаңа кәсіпорындар іске қосылды. Отандық өнімдерді шетелге экспорттауда Маңғыстаудағы қос теңіз порты маңызды рөл атқарады. Құрық ашылғалы 1626 кемені қабылдап, айлақ арқылы 6 млн тонна жүк тасымалданған.

4 жыл бұрын іске қосылған қазақтың екінші теңіз порты қазір еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосып отыр. Бүгінде айлақтан тек Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары да Әзербайжан арқылы Еуропаға тасымалданып жатыр. Елімізден шетелге негізінен астық, көмір, мұнай өнімдері, тыңайтқыш пен химикаттар экспортқа жөнелтіледі. Портта қос теміржол және автомобиль паромды терминалы бар. Бұл терминалдар жүкті басқа көлікке ауыстырып жүктемей, тұтынушыға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде теңіз айлағында 154 адам еңбек етеді.

Серік Ахметов, құрық портының бас директоры:

– Біз қазір Каспий арқылы жүк тасымалын дамыту мақсатында паром желісін көбейтуді қолға алып жатырмыз. Осыған дейін Әзербайжан еліне тікелей жүк тасымалдап келсек, биылдан бастап Иран порттарына жаңа жол ашылды. Өткен айда Құрық пен Иранның Амирабад порттары арасында алғаш рет паром желісі іске қосылды. Сонымен қатар екі буксир сатып алдық. Оған «Бекет» және «Жанат» атауын бердік. Порттың әлеуетін дамыту үшін келер жылы екі бидай терминалын салатын болдық. Жуырда жобаны жүзеге асыруға келісімшарт жасалды.

Маңғыстауда теңіз порттарының салынып, көлік логистикасының дамуы өңірде жаңа кәсіпорын ашуға ниеттілердің артуына жол ашты. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін алыс, жақын шет елдерден инвесторлар келе бастады. Соңғы 10 жылда өңірдегі өнеркәсіпке құйылған инвестиция көлемі 2,6 трлн теңгеге жетті. Бұл табыстың еселенуіне 2003 жылы ашылған Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағы зор үлес қосты. Экономикалық аймақта 18 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Күні кеше Ақтауда тағы бір зауыт ашылды. Кәсіпорын мұнай-газ саласына арналған құрылғыларды жөндеп, жаңа сорғы, бұрғылар шығарады. Өндіріс ошағы толық іске қосылған соң, отандық өнімді көрші елдерге экспорттау көзделіп отыр. Қазақстан мен Сингапурдың бірлескен жобасы аясында 50 жаңа жұмыс орны құрылды. 

Еділ Жаңбыршин, облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы:

– Маңғыстауда, Ақтау қаласында бизнестің жаңа көзі ашылып жатыр. Жергілікті билік пен «Атамекеннің» қолдауымен үлкен жоба іске аса бастады. Бұл жобаның жалпы құны 15 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл өзіміздің қазақстандық компанияның жаңа технологиямен жаңа бағытта, және импортты алмастырумен экспортқа шығару жөніндегі үлкен жұмысы деп айтуымызға болады.

Мұнай мен газға бай облыста өндірістің 88,8 процентін тау-кен өнеркәсібі құрайды. Соңғы жылдары инвесторлар өңдеу өнеркәсібін дамытуға ден қоя бастапты. Аймақ басшылары биыл бұл саладағы көрсеткіштердің жоғары болғанын айтады. Әсіресе тамақ, мұнай-химия мен жеңіл өнеркәсіпте өсім бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемі 4 процентке артқан.

Талғат Әбдіқадыров, облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы:

– Облысымыздың тарихында өңдеу өнеркәсібі биыл былтырдан бастап өте жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Соңғы 10 жылдың ішінде 15,3 пайызға өсім көрсеткен. Ал жаңа айтып кеткен тау-кен өнеркәсібі 6 пайызға өсім көрсеткен. Қазіргі инвесторлар, бизнес өкілдері өңдеу өнеркәсібіне көп көңіл бөлуде.

Биылдың өзінде облыста 7 кәсіпорын ашылды. Жаңаөзенде газ өңдеу зауытына қажетті тоқ өндіретін кәсіпорын, қант өндіру цехтары мен жел электр станциялары жұмысын бастап кетті. Қалған 2 жобаны желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделіп отыр. Ал 2021 жылы экономиканың түрлі саласында 22 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл ретте 3688 жаңа жұмыс орны құрылады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы