384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ержан Максим: Құрметті достар, сіздердің дауыстарыңызды күтемін

  • 177
  • UPD: 18:07, 22.11.2019

Санаулы күндерден кейін Junior Eurovision 2019 байқауы жеңімпазының есімі «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен жарияланады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Дүбірлі додаға Қазақстан екінші рет қатысып жатыр. Биыл байрақты сайыста ел намысын Ержан Максим қорғайды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:.

– Сахна, дыбыс, жарық. Ержан Максим және оның бишілер тобы қызу әзірлік үстінде. Нөмірдің сәтті шығуы осы дайындыққа тікелей байланысты. Ән орындалып жатқанда Ержан сахнаның артына жүгіріп те, киім ауыстырып та үлгеруі керек.

Ержанның нөмірі құрылымы жағынан шынымен де өте күрделі. Сахнада негізгі орындаушыдан бөлек проектор, балет, арнайы тапсырыспен жасалған реквизит – бәрі бар. Ержанның кастюмі де оңай дүние емес. Оны жобалаудан бөлек, қажетті материалдар тауып, тігетін шебер іздестіру үшін де біраз уақыт жұмсалған.

Сергей Руцкий, продюсер:

– Жалпы алғанда бәрі керемет, бәрі жақсы. Біздің көңіл-күйіміз көтеріңкі. Ержан ерлеп жатыр. Ол көптеген адамның жүрегін жаулап та үлгерді. Көпшілік оның әлеуеті мен күшін көріп, тамсануда.

Ержанның жеңіс туын желбіретемін деген асқақ арманы бар. Бірақ бәсекелестері де осал емес. Әсіресе, Польша, Австралия, Сербия, Испаниядан келген балалардың дайындығы мықты. Дей тұрғанымен, ретсіз уайымдап тұрған Ержан жоқ.

Ержан Максим, Junior Eurovision 2019 қатысушысы:

– Мен көптеген байқауға қатыстым. Толқу жоқ. Құрметті достар, сіздердің дауыстарыңызды күтетін боламын. Мен сіздерді қатты жақсы көремін. «Хабар» телеарнасына үлкен рақмет.

Айта кету керек, байқаудың ақтық сайысы осы жексенбіде «Хабар» телеарнасында Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 9-да көрсетілетін болады. Ержан Максим үшін дауысты бугін түнгі бірден бастап junioreurovision.tv сайты арқылы онлайн беруге мүмкіндік бар.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Польша, Гливице

Хабар 24 телеарнасы