384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Эммануэль Макрон: Франция тарихында жаңа дәуір басталады

  • 632
  • UPD: 20:45, 08.05.2017

Францияда президенттік сайлаудың екінші туры өтіп, «Алға» қозғалысының жетекшісі Эммануэль Макрон жеңіске жетті.

Бұл туралы саяси шараны ұйымдастыруға жауапты елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Сөйтіп кәрі құрлықтағы алып елдің бірін алдағы бес жылда 39 жастағы ең жас президент басқаратын болды. Саяси додада Эммануэль Макрон қарсыласы Марин Ле Пенді айқын басымдықпен жеңіп шықты. Сайлау комиссиясы жалпы бюллетеннің 99,09 пайызын санап біткеннен кейін сайлаушылардың 66,06 пайыз бұрынғы Экономика министрі Макронға, ал 33,94 пайызы Марин Ле Пенге дауыс бергенін жариялады. Бірақ бұл екі кандидатты да қолдамаған француздардың да қатары көп болды. Олар сайлаушылардың 25,38 пайызын құраған. Десе де ресми қорытынды шыға салысымен Лувр алдында қолдаушыларын құттықтап сөз сөйлеген Макрон Франция тарихында жаңа дәуір басталатынын мәлім етті.

Эммануэль Макрон, президенттік сайлаудың жеңімпазы:

- Сіздердің ұзақ демократиялық күрестен кейін, маған зор сенім артқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мен Еуропаның, адамдардың мүддесін қорғауға уәде етемін. Мен Еуропа мен оның халықтары және азаматтары арасындағы байланысты нығайтуға бар күшімді саламын.

Сайлаудың алғашқы қорытындысы жариялана салысымен Макрон жақтастары жеңісті тойлай бастады. Ал Ұлттық майдан жектешісі Марин Ле Пен жеңілгенін мойындады. Оның айтуынша, бұл сайлау елдің екіге, яғни «жаһаншылар» мен «патриоаттарға» бөлінгенін көрсетіп берді. Бірақ сарапшылар Марин Ле Пеннің жеңілуіне оның популистік ұрандары себеп болғанын айтады.

Жильберт, тұрғын:

- Саяси науқан өте ауыр әрі тартысты өтті. Бірақ маған ұнаған жоқ. Десе де мен оның қорытындысымен келісемін. Өйткені Ұлттық майданды билік басына жібермеу мен үшін маңызды. Бірақ Макронның бағдарламасы қаншалықты жүзеге асатынын өмір көрсетер. Енді оған заң шығарушы орган үшін күресу керек.

Хфлия Диан, тұрғын:

- Макрон 2002 жылғыдай болмаса да үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Ол Франция үшін өзінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асырады деп сенемін.

Сарапшылардың пікірінше Макронды алда ауыр сын күтіп тұр. Себебі жас саясаткер енді сөз жүзінде емес, іс жүзінде бөлінген елді біріктіріп, өзіне артқан үмітті абыроймен атқаруы керек. «Алға» қозғалысын енді маусымның 11-18 күндері өтетін парламенттік сайлау күтіп тұр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әсем Хасенқызы.

Хабар 24 телеарнасы