379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Корея қаңырап қалған Пхенчханға шетелден турист тартуға күш салады

  • 197
  • UPD: 11:09, 02.04.2019

XIII қысқы Олимпиада өткен Пхенчан қаласы енді шетелдік туристтерді тартуға күш салады. Спорт сайысы аяқталғаннан кейін мұнда келушілер саны 90 процентке азайған. 

Олимпиада аяқталысымен Пхенчан көшелері қаңырап қалды. Ал былтыр ақпан айында мейманханаларда бос орын болмаған еді. Қысқы ойындарды көру үшін бір миллион 300 мыңнан астам турист келген болатын. Қазір ең заманауи спорт нысандары жұмыс істемей тұр. Оңтүстік Кореяда спорттың қысқы түрлері соншалықты дамыған деуге келмейді. Елдің ең салқын аймағы саналатын Пхенчанда демалуды да жергілікті жұрт аса жақтыра бермейді. Жергілікті билік шетелден саяхатшы тарту стратегиясын әзірлеп, халықаралық конференция өткізуді ұйғарған.

Хан Ван Ки, Пхенчан аймағының басшысы:

- Жастар арасында қысқы Олимпиада ойындарын және 2021 жылы олимпида қалалары өкілдерінің конферециясын өткізуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ Токиода өтетін жазғы Олимпиада алдында күрес түрлері бойынша жаттығу базасын ұйымдастырсақ деп ұсынысын тапсырдық. Тағы да онға жуық турнирлер жоспарлап отырмыз. Оның арасында шахмат пен таэквондодан халықарық жарыстар бар.

Пхенчан шаңғы жолдары ғана емес әсем табиғатымен әрі ежелгі будда ғибадатханаларымен де танымал. Халық мұнда қала қарбаласынан демалуға және денсаулығын жақсартуға келеді.

Ғибадатханада саяхатшылар өз кемшілігімен күресу үшін медитация жасайды. Ас мәзірінде тек өсімдік тағамдары.  Шай ішу рәсімі жарты сағатқа жалғасып, дәстүрлі сусынның үш түрі ұсынылады. Мәселен лотос гүлдерінен әзірленген шай адамды уайымнан арылтады. Біржарым мыңжылдық тарихы бар осы ғибадатханалар мен саябақтарды Сеулде тұратын шетелдіктерге көрсеткен. Аймақ басшысымен өткен кездесуде олар туризмді дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті.

Хазем Фами, Египеттің Корея Республикасындағы елшісі:

- Азияда тауы жоқ және қар жаумайтын ел көп. Сондықтан қысқы спорт түрлеріне қызығатын адамдар Еуропаға бару үшін көп қаражат жұмсауға мәжбүр. Ал Корея жақын орналасқан және керемет инфрақұрылымы бар. Шаңғы турларын ұйымдастыруға болады. Оны Таиланд пен Вьетнам секілді елдердің тұрғындары пайдаланады. 

Донован Танг, студент /Франция/:

- Мұнда олимпиадалық нысан көп, онда тек спорт жарыстары ғана емес, мәдени шараларды да ұйымдастыруға болады. Мысалы, Берлин дуалында рок-концерттер өтіп жүр.

Пхенчанда тұңғыш рет Оңтүстік пен Солтүстік Корея спортшылары бір тудың астында сынға түсті. Ал Олимпиададан кейін екі мемлекет басшыларының үш бірдей саммиты өтті. Конференцияға қатысушылар осы бейбіт келісімге құрылған саясатты жалғастыруды ұсынған. Бәлкім достыққа ұмтылған қос елдің өкілдері Пхенчанды бауырмалдылық бесігіне балап, әлі талай бас қосатын шығар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы