378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда 2,5 млн түлек ЖОО-ға өту сынағын тапсырады

  • 106
  • UPD: 15:29, 13.05.2019

Жоғары оқу орындары сынағы.

Түркия Республикасының мектеп түлектерінің университетке түсу емтиханы осылай деп аталады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. 82 миллион халқы бар Анадолы жерінде оқуға түсудің өзі оңай емес. Бәсекеге қабілетті болуың тиіс. Биылдың өзінде аталмыш сынаққа мектеп оқушыларының екі жарым миллионға жуығы өтініш білдірген.

Түркияның жоғары оқу орындарында 7 миллион 740 мың 502 студент білім алады. Оның 7 миллион 134 мың 674-і мемлекеттік оқу орындарында оқыса, 600 мыңға жуығы жекеменшік немесе арнайы қорлардың құрған университеттерінде білім алады. Мұнда 4 жылдық жоғары оқу орнына түсу үшін мектеп түлегі 2 күнде 3 деңгейлік сынақтан өтуі тиіс. Олар: негізгі біліктілік, салалық және шет тілі сынағы. Аталмыш жүйе тұңғыш рет былтыр іске қосылған. Сондықтан көпшілік оны әлі де түсіне бермейді.

Бусе Каража, мектеп бітірушісі:

- Сынақ жүйесінің өзгеруіне байланысты әдістерімізді ауыстыруға тура келді. Бұған дейін 4 ай бойы оны тапсырған болатынбыз. Қазір барлығы 2 күнге топтастырылған. Университетке түсе алмаймын деп қорқамын.

Айшегүл Демирок, мектеп бітірушісі:

- Жаңа сынақ жүйесі толық тесті жаттауға арналған. Біліктілігімізді көрсете алмаймыз деп алаңдаймын. Бұл да мені күйзеліске итермелейді.

Халық арасында «Түркияда білім жүйесі үздіксіз ауыса береді» деген пікір қалыптасқан. Алайда жоғары білім беру мекемесі басшылығы мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, жаңа жүйеге дейінгі сынақ түрі 8 жыл бойы өзгермеген.

Йекта Сарач, жоғары білім беру мекемесінің басшысы: 

- Жылда сынаққа санаулы күн қалғанда еліміздегі жүйенің жиі ауысатыны жөнінде пікірлер тарап кетеді. Шын мәнінде жағдай олай емес. Оқушыларды іріктеу сынағы 8 жыл бойынша жүргізілді. Оның кейбір осал тұстары болды. Сондықтан сынақты жетілдіріп, біліктілікті арттыратын деңгейге өттік.

Жалпы, елде сынаққа қатысатын түлектердің басым бөлігі бірнеше жыл қатарынан емтихан тапсырады. Бұл қалыпты жағдай. Мақсат – қалай да таңдаған мамандықтың иесі болу. Сондай-ақ Түркиядағы барлық мемлекеттік университетте білім ақысыз негізде беріледі.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы