386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


В. Зеленскийдің партиясы Жоғары Радаға сайлауда көш бастады

  • 186
  • UPD: 20:10, 22.07.2019

Владимир Зеленскийдің партиясы Жоғары Радаға сайлауда жеңіске жетті.

Орталық сайлау комитеті кешегі саяси науқанның алдын ала нәтижелерін жариялай бастады. Мәлім болғандай, «Слуга народа» партиясы украиналық парламентте 243 орынға ие болуы мүмкін. Жалпы кешегі сықақшы бүгінгі саясаткер Зеленский партиясының жеңісі нені білдіреді?

Бұл Украинаның саяси өміріне түбегейлі өзгеріс әкеледі деген үміт бар. Сарапшылар да, Украина халқы да осыған сенетіндіктен, президенттік партияны қолдауды жөн көрді.

Сонымен, жексенбі күні өткен сайлауда Парламенттегі 225 орынға бәс тігілді. Сондай-ақ жалғыз мандатты өңірлерде 199 депуттатық  орын сарапқа салынды. Осы орайда украиналықтардың сайлауға қатысу белсенділігін айта кеткен жөн болар.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Жоғары Рада сайлауына халықтың тек 49,84 проценті ғана дауыс берген. Мұндай төмен көрсеткіш Украина тарихында бұрың-соңды болмаған еді. Сайлауға тіркелген 29 миллион тұрғынның 15-миллионға жуығы учаскелеріне келмеді.

Дауыс бюллетендерінің 64 процентін өңдеген сайлау комиссиясы Зеленский партиясының 42,54 процент дауыспен алға шыққанын мәлімдеді. Бұған халық дән риза көрінеді.

«Слуга народа» партиясынан басқа, Жоғары Радаға кімдер өтеді? Орталық сайлау комиссиясы қалған төрт партияға қатысты деректерді де жариялады. Мәселен, «Оппозициялық платформа – өмір үшін» саяси блогы 13 процент дауыс жинаған. Бұрынғы президенті Петр Порошенконың «Еуропалық ынтымақтастығы» небәрі 8,5% дауысқа ие болы. Бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың «Батькивщинасы» - 8 процент, ал Святослав Вакарчуктың «Голос» партиясы – 6,28 процент дауыс жинады.

Жоғары Радаға сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болмаса да, бақылаушылар оның ашық түрде өткенін хабарлайды. Ал батыс сарапшыларының пікірінше, сайлау қорытындысы демократияның үстемдік еткенін білдіреді.

«Слуга народа» партиясы билік басына келген соң, Владимир Зеленский сайлауалды науқанында берген уәдесін орындауға тырысады. Жоғары Радада басы көпшіліктің қолдауына ие болғандықтан, оған еш нәрсе де кедергі болмайды, дейді сарапшылар.

Сондықтан, сайлаудан кейін жаңадан тағайындалған адамдар Зеленский жүргізгісі келетін саясатты қолдайтын болады. Жоғары Раданы кем дегенде бір жылдан кейін ғана таратуға мүмкін болады. Сондықтан, Зеленский іске асырғысы келетін кез-келген бағдарламаны қабылдауға уақыт жеткілікті.

Владимир Зеленский әзірге ештеңе айтпады. Бірақ «Слуги народа» партиясының басшысы Дмитрий Разумков ең алдымен қарастырылатын заң жобаларын атады. Олардың ішінде, депутаттың дербес құқығын жою, парламент регламентіне өзгеріс енгізу сынды жобалар бар.

Хабар 24 телеарнасы