425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік Кореяда дрондар көрмесі өтті

  • 802
  • UPD: 20:55, 17.12.2019

Адам баласының қолын ұзартып, түрлі салада кеңінен қолданыла бастаған бұл құрылғыларға қазір қызығушылық жоғары. Сәйкесінше өтімі де жақсы. Корейліктер алдағы уақытта оларды жолаушы тасымалдауға да пайдаланбақ.

Көрме аясында 150 дрон 150 метр биіктікке көтеріліп, келушілер үшін керемет шоу ұйымдастырылды. Шараға ауа райының қолайсыздығы кедергі бола алмады. Көрмеде Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігінің стенді келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Алайда әскерилер сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Қызметтік құпияны сақтығы келсе керек. Бірақ сипаттамасына қарап, олардың дрондары қарсыласын бомбалау, миналардың көзін жою, дәрі-дәрмек жеткізу мен адамдарды құтқаруға қауқарлы екенін аңғаруға болады. Ал шағын тікұшақ өлшеміндей мына дрон 60 келіге дейінгі жүкті көтеріп, кідіріссіз 6 сағатқа дейін ұша алады.   

Чон Хён Квон, дрондар жасайтын компания директоры:

- Тікұшаққа ұқсас етіп жасалған дронымызда жоғары сапалы камера орнатылған. Ол жүкті тиеп алып, 50 шақырымды еңсеруге қауқарлы. Аппарат тек келер жылы ғана сатылымға шығарылады. Алайда қазірдің өзінде де әскерилер мен өрт сөндірушілер үлкен қызығушылық танытуда. 

Ресми мәліметке сәйкес, Оңтүстік Кореяда 10 мың кәсіби дрон тіркелген. Олар өнеркәсіпте пайдаланылады. Не билік қолданады. Ал кәсіби емес, кәдімгі дрондардың мемлекетте ондаған мыңы бар. Олардың қозғалуы мынадай жылжымалы станция арқылы бақыланады. Жалпы таңғы шық елінде ұшу аппараттарын басқаруға байланысты арнайы ережелер қарастырылған. Мәселен, оларды түнде қолдануға болмайды. Қауіпті заттарды тасымалдауға рұқсат жоқ. Мас күйінде де дронды басқаруға тыйым салынған. Бұл үшін 2 мың долларға дейін айыппұл қарастырылған.   

О Мён Со, Корея Республикасы жер, инфрақұрылым және көлік вице-министрі:

- Соңғы 5 жылда дрондар нарығы қарқынды дамып келеді. 2016 жылы бүкіл әлем бойынша сатылым көлемі 6 миллиард долларға жеткен. Ал мамандардың топшылауынша, 2026 жылы бұл көрсеткіштің 170 миллиард долларға жететін түрі бар. Аталған ұшу аппараттарын жасап шығару технологиясы бойынша бірінші орынды Қытай бермей отыр. АҚШ әскери дрондар өндірісі жағынан мықты. Ал Оңтүстік Корея әскер мен ауыл шаруашылығына арналған ұшу аппараттарын жасап шығару бойынша көш бастап келеді. 

Бүгінде Оңтүстік Кореяның бірнеше қаласында камера орнатылған дрондар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Барлық ақпарат полиция мен құтқару қызметіне жіберіледі. Бұдан бөлек ұшу аппараттары клиенттерге поштаны жеткізеді. Ал 2025 жылдан бастап елде жолаушыларды тасымалдайтын дрондар шығару жоспарланған.   

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы