376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия билігі экскурсия ұйымдастырушыларға талапты күшейтті

  • 156
  • UPD: 22:12, 02.01.2020

Билік сауатсыз гидтер мен бұл саладағы алаяқтардан осылай құтылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрі мамандарға біліктілігіне қарай дәреже бермек. Ал туристер экскурсия жетекшілерін өздері таңдауы тиіс.

Чехия парламентінің шешіміне Прага басылымдарында жарияланған оқиға түрткі болды. Жапониядан келген туристер тобын Чехия тарихы мен мәдениетінен білімі жұрдай гид екі күн бойы ертіп жүрген екен. Алаяқ қызметі үшін ақшаны алдын ала алып, ескерткіштер мен шіркеулер туралы оқиғаларды өз ойынан шығарыпты. Осындай құйтырқыға жол бермес үшін парламент кәсіпкерлік жөнінде заңға өзгерістер енгізіп, экскурсия жетекшілеріне қойылатын талаптарды күшейтті.

Зденек Менцель, Прага муниципалитеті туризм бөлімі бастығының орынбасары:

- Заң Free Tours аясында жұмыс істейтін гидтерге қарсы бағытталған. Осы кезге дейін олардың өз қызметі үшін еш жауапкершілігі болмаған. Ақшаны өздеріне емес, қайырымдылық мақсатқа жинайтынын алға тартатын. Осылай салық төлеуден жалтарып келді. Енді арнайы рұқсатсыз гид болып жұмыс істеуге тыйым салынды.

Экскурсия жетекшілерінің жұмысын мэрия бақылайтын болды. Әрбір гид жергілікті даму министрлігінде тиісті куәлік алуы тиіс. Құжатсыз істеген адамдарға заңсыз кәсіпкерлік үшін айыппұл салынады.

Карел Вревчик, экскурсия жетекшісі:

Менің ойымша, билік қызмет сапасын көтеруден гөрі қала қазынасын толтырудың амалын іздеген секілді. Бүкіл әлем бойынша гидтер Free Tours аясында жұмыс істейді.

Сондай-ақ гидтерді дәрежесіне қарай бөледі. Бірінші санаттағы куәлікті мэрияда тіркелгеннен кейін алуға болады. Екінші санаттағы құжатқа ие болу үшін қосымша емтихан тапсыру қажет. Туристер дайындығына қарай экскурсия жетекшілерін өздері таңдай алады. Жаңа заң тек көшелерде жұмыс істейтін гидтерге ғана қатысты. Табиғи қорықтар мен мұражайдағы экскурсия жетекшілері бұрынғысынша жұмысын жалғастыра береді.

Авторлары: Надежда Дрейгал, Вадим Чех

Хабар 24 телеарнасы