445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия мен Түркия: ахуал ушығып барады

  • 271
  • UPD: 20:59, 28.02.2020

Кеше түнде Түркия мен Сирия әскері бір-біріне оқ атты. Бұл Сирияның Идлиб провинциясында болған жағдай.

Біраздан бері тыныштыққа бой үйрете бастаған жұрттың ұйқысы қайта бұзылды. Түркияның өз басында да дүрбелең туған. Ал ресми Анкара енді сириялық сарбаздарды жау санайтынын мәлімдеді. Жағдайдың ушығуына БҰҰ мен НАТО-да алаңдаулы.

Өкінішке орай адам шығыны бар. Түркия 30-дан аса жауынгерінен айырылғанын айтады. Сонымен қоса, «300-ден аса сириялық сарбаздың көзін жойдық», деп отыр.  

Сирия толығымен үкімет әскерінің бақылауында.Тек бір аймақ қана оппозицияның уысында. Ол – Түркиямен арадағы шекараға жақын орналасқан Идлиб провинциясы. Мұнда 2017 жылы деэскалация аймағы құрылған. Қазір 3,5 миллионға жуық босқын осы аумақты мекендейді. Арасында қаруын тастаудан бас тартқан көтерілісшілер де бар. Олар үкімет әскерінің айтқанымен жүріп-тұрғысы жоқ. Жалпы аймақта Түрік қарулы күштерінің 12 бақылау бекеті бар. Кеше өңірдегі «Хайят Тахрир аш-Шам» лаңкестері Сирияның үкімет жасағына шабуыл жасаған. Әскерилер де жауап қайтарған. Бірақ әуе соққысынан содырлар ғана емес, түрік жауынгерлері де зардап шекті. Салдарынан 30-дан аса сарбаз мерт болып, тағы осыншамасы жарақат алды. Бұл оқиғадан кейін Режеп Тайып Ердоған шұғыл отырыс өткізді. 6 сағатқа созылған басқосудан кейін қарымта шабуыл жасауға шешім қабылданған. Сөйтіп, түрік әскері 200-ден аса нысанды атқылап, 309 жауынгердің көзін жойды.

Хулуси Акар, Түркия Қорғаныс министрі:

- Өздеріңіз білетіндей, Идлибте біздің жауынгерлеріміз бар. Олар оқ ату тәртібінің сақталуын қадағалап, көші-қон және гуманитарлық дағдарысқа жол бермеу үшін сонда жүр. Сол әскерилеріміз жантүршігерлік шабуылға тап болды. Біз олардың қайда орналасқаны жайлы екінші тарапқа айтып отырдық. Өкінішке орай, алғашқы соққыдан кейін ескерту жасағанымызға қарамастан, шабуыл жалғаса берді.

 

Ресми Дамаск әлі мәлімдеме жасамады

Ал, Сирия жағы бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де, Ресейдің Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Олардың мәлімдеуінше, шабуыл кезінде таяуда түрік әскерлерінің бар-жоғы ескерілуі керек еді.

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі:

- Соңғы күндері Ресейдің жанжалдасушы тараптарды бітістіру жөніндегі орталығы түрік әріптестерімен байланыста болды. Яғни, атыс-шабыс ауданына жақын жердегі түрік әскерилерінің координаттары жайлы сұрап, тиісті ақпаратты растап отырды.

 

НАТО шұғыл отырыс өткізеді

Соңғы оқиғалар әлемдік қауымдастықты да алаңдатты. Алдағы сағаттарда НАТО шұғыл отырыс өткізуі тиіс. Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг жауласқан тараптарды сабырға келіп, жағдайды ушықтырмауға шақырады. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш те тараптардың шабуылды доғаруын сұрап отыр.

 

Жүздеген босқын Еуропаға бет алды

Жалпы Сирияда соғыс басталғалы бейбіт тұрғындар бас сауғалап, жан-жаққа қашқаны белгілі. Түркияда қазір 4 миллионға жуық босқын бар. Сондықтан ауыртпалық та осы Түркияға түсіп отыр. Былтыр Ердоған халықаралық қауымдастық осы босқындардың мәселесін шешуге көмек көрсетпесе, шекараны ашатынын мәлімдеген еді. Бұлай болса елде босып жүрген мигранттар Еуропаға лап қоятыны белгілі. Түркия президенті сол айтқанын ақыры орындады. Сөйтіп, Түркияның солтүстік-батысынан Грекиямен арадағы шекараға 300 мигрант жиылды.

Блиц 1:

Біз Грекияға бара жатырмыз. Ақшамыз бен заттарымызды жиыстырып алдық. Енді қайықпен жолға шығамыз.

Блиц 2:

Жақсы болды. Шекара ашық. Қарулы күштер қалаған уақытта қалаған жақтарыңа бара аласыңдар деді.

 

Түркия тұрғындарының пікірі

Ал, Түркияға келетін болсақ, елдегі ахуал жайлы тікелей байланысқа шыққан меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат бөлісуге дайын.

Идлибтегі жағдай Түркияға қалай әсер етті? Жергілікті тұрғындар не дейді? Ел арасында не болып жатыр?

Меруерт Қанағат, тілші:

Соңғы тәуліктегі жағдай түрік халқын қатты дүрліктірді. Алаңдаған жұрт таңға дейін көз ілмеді. Кеше соққы хабары тарағаннан бастап таңға дейін берде-бір үйдің жарығы өшкен жоқ. Бәрінің назары жергілікті телеарналарға ауып, ресми биліктің мәлімдемесін күтті. Тіпті көліктерімен көше аралап жүргендер де болды. Қалыптасқан жағдай туралы жалған ақпарат тарамас үшін ел билігі интернетті бұғаттады. Әлеуметтік желілер де дұрыс жұмыс істемей тұр.

Түркия әскері 10 ақпаннан бері Идлиб төңірегінде Башар Асадтың 1700-ден астам әскерін жойды. 130 әскери техникасын істен шығарды. Бұл жолғы Түркияның соққысы тым қатаң болды. Тек әскери нысандар ғана емес, жедел жәрдем көліктері де атқыланды. Аймақта ушыққан жағдай кішігірім қақтығыс деңгейінен асып, ауқымды соғыс сипатына жеткендей.

Хабар 24 телеарнасы