413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда коронавирусқа байланысты ұлттық бірлік науқаны басталды

  • 184
  • UPD: 22:36, 02.04.2020

Түркияда коронавирус жұқтыру дерегі күннен күнге артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте індетті жұқтырғандар саны 2000-нан асып, 15 679-ға жетті. Ал дерттен қайтыс болғандар – 277. Айыққандар – 333 кісі. Халықтың көшеге шықпай отырғанына жарты ай болды. Тұрғындар көп жүретін туристік шаһар да бос. Тіпті Жерорта теңізіне неше жылдан бері келмей жүрген құстар қонған.

Меруерт Қанағат, тілші:

– «Бірлікте еңсереміз - Түркия!» Елде коронавирусқа байланысты басталған ұлттың бірлік науқаны осылай аталады. Оның мақсаты – пандемия кезінде өзін-өзі оқшаулау салдарынан қиналып қалған ел азаматтарына қолдау көрсету. Елде алғашқы болып науқанға президент Режеп Тайып Ердоған 7 айлық жалақысын аударды. Содан кейін ынтымақтастық науқанын саяси партия мүшелері, кәсіпкерлер мен жұлдыздар жалғастырды. 

Науқанға спорт федерациялары мен клубтары, банктер мен биржалар және сауда палаталары, тіпті шет елде өмір сүретін түрік азаматтары қолдау көрсетіп отыр. Осылайша, түрік халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, індетті бірге жеңетініне сенімді. Сондай-ақ ел президенті зекет беру мәселесіне де тоқталды.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Зекеттерін Рамазан айында беруді жоспарлап отырған азаматтарымыз қасиетті айды күтпестен, бұл науқанға қатысса деген өтінішіміз бар. Науқан бастау алысымен, жомарт жандардан 11 миллион доллар келіп түсті. Қол ұшын созған азаматтарға айрықша алғыс айта отырып, қиын күндер артта қалған кезде осындай ынтымақ-бірлігімізді құрметпен еске алатынымызды айтқым келеді. 

Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен 2 миллион адамға 68 теңгеден бір реттік көмек көрсетілді. Сондай-ақ диқандар мен мал шаруашылығын қолдау мақсатында жеңілдетілген несие беріле бастады. Жергілікті атқарушы органдар да халыққа бірқатар әлеуметтік қолдау көрсетуде. Үкімет жекеменшік сектордағы компанияларға қызметкерлерін жұмыстан шығармауға шақырып, бірқатар салықтық жеңілдік қарастырған.

Ахмет Гүлсал, тұрғын:

- Ұлттық науқан жайлы отбасымызбен хабардар болдық. Ел азаматы ретінде науқанға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Ұлттық бірлігімізді бүгінге дейін ешкім тізе бүктіре алмады. Лаңкестік ұйымдар, сырт күштер... Бүгінге дейін қалай тік тұрсақ, мұны да бірге еңсереміз. 

Індет Түркияға ауыз салғалы 3 апта болды. Соңғы күндер қиын тиіп тұр. Күніне он мыңнан астам сынама жасалып, дерт жұқтырғандар саны күн сайын шамамен 2 мыңға артып отыр. Бұл жағдайдан сабақ алған халық, үйден шығуды доғарды. Ресми мәлімет бойынша, тұрғындардың 90% тысқа шығудан тыйылған. Мұнымен сабақтас, 21 провинцияның 50 елді мекенінде карантин жарияланды.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы