423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда ішкі туризмді дамытуға ден қойылды

  • 235
  • UPD: 11:37, 25.07.2020

Өйткені биыл шетелдік саяхатшылар жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, жергілікті демалушылар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға міндетті. Пандемия кезіндегі Грузиядағы демалыс жайлы тілшіміз тарқатсын.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Грузия жағажайларында биыл демалушылар аз. Өйткені шетелдіктер жоқ. Негізі елде шектеу шаралары алынып тасталған. Бірақ мамандар «босаңсуға әлі ерте» дейді. Сондықтан демалыс кезінде де қауіпсіздік шаралары жайлы ұмытпауды ескертеді. Осы ретте су жағасында әлеуметтік қашықтықтың сақталуы қатаң бақыланады. Ол үшін жағажайдағы аймақтар арнайы белгілермен бөлінген.

Паата Имнадзе, Ауруларды бақылау жөніндегі ұлттық орталықтың ғылыми жетекшісі:

- Жағажайда демалып жатқан әр отбасы бір-бірінен кем дегенде 2 метр қашықтықты сақтауы керек. Сонымен қатар дәмханаға кіргенде не жолда міндетті түрде маска тағу қажет.

Талаптар тек демалушыларға ғана емес, жағажай мен ойын-сауық мекемелерінің әкімшілігіне де қойылады. Қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат көзге көрінетін жерде болуы тиіс. Одан бөлек, жабық орындардың кіреберісінде келушілердің дене қызуы өлшеніп, зарарсыздандырғыш заттар қойылу керек.

Русудан Джикия, аквапарк директоры:

- Суды тазарту мәселесіне қатысты келіссөздер ұзаққа созылды. Біз оны еуропалық стандарттарға сәйкес тазартамыз. Одан бөлек, қосымша қаржыландыруды талап ететін басқа да шараларды орындап жатырмыз. Өйткені жай ғана ескерту қағаздарының пайдасы аз. Сондықтан қауіпсіз қашықтықтың сақталуын қадағалайтын жұмыс күшін арттыруға тура келді.

Мұндай шектеу шаралары демалушылардың көңіл-күйіне қатты әсер етпегенге ұқсайды. Мәселен, Саломе Гигаури жыл сайын отбасымен бірге Батумиге барып тұрады. Ал, Тбилисиде болғанда жергілікті жағажайда демалғанды ұнатады.

Саломе Гигаури, жергілікті тұрғын:

- Биыл өткен маусыммен салыстырғанда демалушылар саны айтарлықтай азайды деп айта алмаймын. Шекара жабық тұр. Сондықтан ішкі туризм дамуда. Пандемияға байланысты біз биыл шетелге емес, Грузияның өзге қалаларына демалуға барамыз.

Шезлонг, шатырлар мен скутерді жалға берушілерге де қойылатын талап күшейтілген. Ережелердің бұзылмауын күзет қызметі қадағалап, қажет болғанда, жауапкершілікке тартады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы