420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ДДСҰ: Еуропада вирустың қайта өршуіне жастар кінәлі

  • 183
  • UPD: 22:05, 30.07.2020

Өткен тәулікте әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша антирекорд орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 24 сағатта 290 мың 722 жаңа дерек тіркелді. Сөйтіп бүкіл әлемде расталған оқиғалар саны 17 миллионнан асып кетті. Солардың көбі бұрынғысынша АҚШ-та. Еуропадағы жағдай да мәз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы Кәрі құрлықта вирустың қайта өршуіне жастар жағын кінәлап отыр. Латын Америкасында эпидемиологиялық ахуал өршіп барады.

Соңғы тәулікте бүкіл әлемде 7 мыңнан аса адам індетпен күресе алмай, көз жұмды. 238 мың адам емделіп шыққан. Өкінішке орай, бір тәулікте айығып шыққандар саны жұқтырғандар санынан аспады.

Әлемде вирусты жұқтырғандар жағынан да, көз жұмғандар жағынан да АҚШ бірініші орында тұр. Мұнда 4 жарым миллионнан аса дерек расталған. Негізі бұған дейін сарапшылар қазанға дейін АҚШ-та құрбандардың саны 200 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжамдар айтқан еді. Қазірдің өзінде мұнда 150 мыңнан аса тұрғын індеттен көз жұмды. Жүрек аурулары мен қатерлі ісіктен кейін өлім көрсеткіші бойынша үшінші орында енді коронавирус тұр. Соңғы тәулікте 6 бірдей штатта жаңа оқиғалар саны бойынша антирекорд орнатылды. Бұл елдің шығысы мен батыс жағалауындағы өңірлер. Бірақ өзге штаттардағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Мәселен, жексенбіде Аляскада 200-ден аса дерек тіркелді. Бұған дейін мұнда ұзақ уақыт бойы тәулігіне ондаған оқиға ғана расталып келген еді. АҚШ-тағы штаттардың көбі тұрғындарынан қоғамдық орында маска тағып жүруін талап етеді. Ал вирусологтар сақтық шараларын елемейтін болсақ, алдағы уақытта құрбандар саны әлдеқайда артады деп дабыл қағып отыр.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас эпидемиологы:

– Оңтүстік өңірдегі штаттарда вирус қайта өршіп кетті. Өзге аймақтарда мұндай жағдайды болдырмау үшін небәрі 5 нәрсені естен шығармаған жөн. Бұл – маска тағу, көп кісі боп жиылмау, арада 3 метр қашықтық сақтау, барларды жауып, қолды жиі жуып отыру. Осы бес ережені орындау керек.

АҚШ-тың бас эпидемиологының барлар жайлы айтуы бекер емес. Пікірінше, бұл – вирустың тез тарауы үшін ең қолайлы орындардың бірі. Испандық мамандар да қауіпті орындардың санатына барлармен қатар түнгі клубтар мен жағажайларды қосып отыр. Сондықтан мәселен, Барселонада ойын-сауық орындары жабылды. Өйткені соңғы уақытта мұнда жастар арасындағы науқастар саны артқан. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растап отыр. Еуропада жаңадан тіркеліп жатқан ауру ошақтарында науқастардың дені – жасы әлі 40-қа келмеген тұрғындар. Сондықтан халықаралық ұйым оларды жаңа деректердің артуына кінәлап отыр. Өйткені шектеу шаралары алынғалы олар қауіпсіздік шараларын сақтамайтын болған. Мәселен, жуырда Испания тұрғыны туған күнін атап өткен. Сөйтіп, сауық кешіне 80 адам жиылыпты. Вирус жұқтырған туған күн иесі қонақтардың барлығын бетінен сүйіп, құшақтап, салдарынан біразына індетті жұқтырса керек.

Рокко Маццолини, Барселона тұрғыны:

– Биліктің шектеу шаралары салдарынан біздің өмірімізде көп нәрсе өзгерді. Мәселен, бұрын бізде көршілер қауымдастығы болатын. Ондағы адамдармен бірігіп, ашық аспан астында кино көріп, өзге де шаралар өткізетін едік. Алайда енді 10 адамнан артық жиылуға болмайды. Сондықтан бұрынғысыныша көңіл көтере алмаймыз.

Еуропада Испаниямен қатар коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі – Италия. Осы ретте елде төтенше жағдай тәртібі 15 қазанға дейін ұзартылды. Негізі режим мерзімі 31 шілдеде аяқталуы тиіс еді. Алайда билік оны тағы да созған дұрыс деген шешімге келген.

Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі:

– Әлемде не болып жатқанын көріп отырмыз. Қауіп әлі сейілген жоқ. Көрші Франциядағы жағдайды білеміз. Испаниядағы ахуал да алаңдатарлық. Біз вирустың елімізде қайта өршуіне жол бермеуіміз керек. Төтенше жағдай тәртібін ұзарту шешімі халық арасында үрей туғызғанын қаламаймын. Алайда ол әлі босаңсуға болмайтынын көрсетеді.

Латын Америкасына келетін болсақ, мұнда эпидемия ауқымы бойынша Бразилия мен Мексикадан кейін үшінші орында тұрған ел – Перуде расталған оқиғалар саны 400 мыңнан асып кетті. Науқастар саны бұдан айтарлықтай аз болған кездің өзінде-ақ жергілікі ауруханаларда орын тапшы болатын. Ал жаңа деректердің артуы бұл мәселені одан бетер ушықтырып жіберді. Сондықтан мұнда былтыр Панамерикалық ойындар өткен стадиондар мен спорттық нысандарда уақытша госпитальдер ашылған.

Хабар 24 телеарнасы