426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемнің табиғи апаттардан тынысы тарылды

  • 153
  • UPD: 22:40, 08.09.2020

2018 жылы Калифорнияда штат тарихындағы ең алапат орман өрті тіркелген. Ол кезде тілсіз жау 793 мың гектар аумақты күлге айналдырды. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордты көрсеткіш саналатын. Биыл орманды шарпыған өрт одан да асып түсіп, 809 мың гектарға жетті. 8 ай ішінде қызыл жалын 8 адамның өмірін жалмап, 3 жарым мыңға жуық құрылыс өртеніп кетті. Отты ауыздықтауға күннің ыстығы мен жел кедергі келтіріп отыр. Өткен жексенбіде Лос-Анджелесте ауа температурасы 49,4 градусқа жеткен. Бұл қаланың метеобақылау тарихындағы ең рекордтық көрсеткіш. Мамандар «сұмдықтың бәрі әлі алда болуы мүмкін» деп қауіптеніп отыр. Өйткені өңірде қыркүйек мен қазан өрт қаупі жоғары айлар саналады.  

Стив Голдман, құтқару тобының жетекшісі:

- Біз үшін ең бастысы адамдардың өмірі мен мүлкін сақтап қалу. Қазіргі жағдай өте қауіпті. Ауа райының болжамы да көңіл көншітпейді. Алдағы күндері желдің басылмайтын түрі бар. Адамдарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізуде сақ болу керек. Өйткені от оңтүстікке қарай ауып барады.

Оңтүстік Кореяда бір жыл ішінде үш бірдей тайфун соқты. Ел тарихында бұрын-соңғы мұндай жағдай болған емес. Президент Мун Чже Ин бүгінгі сөзінде бұл аномалияны климаттың өзгеруімен байланыстырды. Кеше елде Хайшен тайфуны ойран салған болатын. 

- Сеулде бәрі басылған сияқты ғой. Жалпы Хайшен тайфунының салдары қандай болды? 

Владислав Цой, тілші:

- Сеулде кеше қатты жауын жауды. Дегенмен, дауыл соққан жоқ. Ал Ульсан қаласында желдің жылдамдығы сағатына 126 шақырымға дейін жеткен. Елдің оңтүстік-шығысында 3 мыңнан аса адам эвакуацияланды. 75 мың үй жарықсыз қалды. 48 құрылыс нысаны қираған. Өңірде 2 адам көз жұмып, тағы екеуі із-түзсіз жоғалып кетті. Ульсан қаласында Хюндай зауытының құрастыру желісінде электр энергиясы ажыратылды. Хайшен темір жол және әуе қатынасына да кесірін тигізген. Кеше бүкіл ел бойынша 298 әуе сапары кейінге шегерілді.

Ал табиғат апатынан келген материалдық шығын көлемі белгілі ме?

Владислав Цой, тілші:

- Шығындар әлі есептеліп жатыр. Өткен аптада мұнда Майсак тайфуны да соққан. Соның салдарынан азық-түлік және көкөніс бағасы қамбаттады. Өйткені табиғат апаты елдің оңтүстігіндегі егіс алқапатарының біразын бүлдірген. Майсак тайфуны демекші, Пёнчан уезі тұрғынының ерлігі жайлы айтқым келіп отыр. Ол табиғат апатынан көпірдің қирау қаупі барын дер кезінде байқап қалып, оның үстімен көліктерді жүргізбей қойған. Сөйтіп, көп адамның өмірін құтқарып қалды. Бұл әрекеті үшін ер адам марапат алды.

Хайшен дауылы Ресейдің Приморск өлкесіне де жетті. Дүлей желмен бірге өңірде жаңбырдың бір айлық нормасы жауды. Салдарынан жолдарды су басып, бірқатар аудан тұрғындары жарықсыз қалған. Аймақтағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, тасу қауіпі күшейді. Табиғат апатынан жапа шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ.

Африка халқы да тасқын судың зардабын тартып отыр. Мәселен, Суданда табиғат апатынан шамамен бір жарым ай ішінде 100-ге жуық адам көз жұмып, 100 мыңнан аса үйді су басты. Мұнда төтенше жағдай жарияланды. Тасқыннан 2 мыңға жуық су көзі ластанған. БҰҰ өкілдері бұл коронавирус өршіп тұрғанда эпидемиологиялық ахуалды ушықтырып жіберуі мүмкін екенін ескертеді. Мамандар «алдағы уақытта су деңгейі артпаса, төмендей қоймас» деп отыр. Өйткені қыркүйектің соңында жаңбыр бұдан да көп жауады деген болжам бар.

1. Тасқын судан менің үйім қирап қалды. Көршілерім де осындай жағдайға тап болды. Енді біз далада түнеуге мәжбүрміз.

2. Ұйқымыз қанбады. Өйткені түні бойы масалар маза бермеді.

Хабар 24 телеарнасы