425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде бастауыш кластардың оқушылары мектепке барып оқитын болды

  • 63
  • UPD: 10:36, 10.11.2020

Екінші рет жалпыұлттық карантин жариялаған Израиль билігі біртіндеп шектеулерді ала бастады. Енді бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқитын болды, сауда орындары да ашылды. Алайда үкімет жағдайды мұқият бақылап, науқастар саны көп елді мекендерді оқшаулап жатыр. 

Қатаң шектеулер өз нәтижесін беріп, елде коронавирус жұқтырушылар азайды. Осыған байланысты карантин тәртібі де біртіндеп жеңілдетіле бастады. Дүкендер мен кәсіпорындар қайта ашылды. Бастауыш сынып оқушылары да мектепке барып оқитын болды. Өйткені заң бойынша жасы тоғызға толмаған балаларды үйде жалғыз қалдыруға болмайды.

Орна Хен, оқушылардың анасы:

- Балаларым мектепке барғанына өте қуаныштымын. Енді достары мен мұғалімдерін көріп, оқуын жалғастыра алады. Балаларыма алаңдамайтындықтан мен де жұмысыма ораламын. 

Алайда босаңсуға болмайтынын ел жақсы түсінеді. Эпидемиологиялық ахуал күрт өзгеруі мүмкін. Мамыр айында шектеулер алынып тасталғанда тап осылай болған еді. Осыны ескеріп, «Бағдаршам» жоспары қолға алынды. Оған сәйкес науқас саны көп елді мекендер оқшау етіледі. 

Рони Гамзо, індетпен күрес бойынша ұлттық штаб жетекшісі:

- Басқа амалымыз жоқ. Індет дендеп тұрған елді мекендерді жаппасақ, үшінші рет карантин енгізуге тура келеді. Ал бұған экономикамыз да, халқымыз да шыдамайды. 

Алғашқы болып елдің солтүстігіндегі Мәжіл-Шамс пен  Беката араб елді мекендері оқшауландырылды. Мұнда тұратын әрбір бесінші адам коронавируска шалдыққан. Кейін діншіл еврейлер тұратын қалалардың жеке аудандары жабылды. Кірер жолдар бекітіліп, полиция бекеттері орнатылды. Тәртіп сақшылары жол бойын кірпік қақпай күзетіп тұр. 

- Ковид-19 дертімен ауырғаныңызды білесіз бе? 

- Иә, бірақ өзімді жақсы сезіп тұрмын, сыртқа шығайын деп едім. 

- Сіздің мүлдем үйден шығуыңызға құқығыңыз жоқ. Машинаңызда тағы бір адам отыр, енді оған да екі аптаға оқшаулануға тура келеді. Дереу үйге қайтыңыз. Сізге 1200 еуро айыппұл салдым. Қайталанатын болса, қылмыстық іс қозғаймыз. 

Карантинге жабылған елді мекендердің тұрғындары мұндай шектеуге наразы. Алайда үкімет райынан қайтпай тұр. Індеттің екінші толқыны кезінде күн сайын 9 мыңнан астам науқас анықталып, ауруханаларда бос орын қалмаған еді. Осының салдарынан Израиль экономикасы дағдарысқа ұшырады. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 10 проценттен асып кетті. Бұл ел тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай.  

Автор: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы