420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Англияда бірнеше аптаға созылған жеңіл локдаун аяқталуға жақын

  • 97
  • UPD: 14:51, 24.11.2020

Бірақ оның орнына қайтадан үш сатылы шектеу шаралары жарияланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді желтоқсанның үшінен бастап ағылшындардың 6 адамнан аспайтын топ болып жиналуына рұқсат. Бұдан бөлек, бірқатар мекеменің қызметі қайта жанданады.

Бұл – Лондон қаласының қақ ортасы. Елде екінші рет жалпыұлттық локдаун жарияланғанына қарамастан, көшеде жүргендердің қарасы қалың. Өйткені Үкімет тұрғындардың жүріс-тұрысына шектеу қойған жоқ. Тек үйден жұмыс істеуге ғана шақырды. Қалай болғанда да екі апта өте корольдікте вирустың көбею индексі сәл де болса төмендеген. Сондықтан болар, үкімет басшысы Борис Джонсон елдегі локдаун тек 2 желтоқсанға дейін жалғасатынын айтып, одан әрі ұзартылмайтынын жеткізді. Бұған үшінші тоқсандағы экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі де себеп болса керек. Өйткені осы аралықтағы өсім көрші мемлекеттерге қарағанда айтарлықтай баяу болған. Англия банкінің мәліметі бойынша ел экономикасы коронавирустық дағдарысқа дейінгі қалыпқа тек 2022 жылы ғана келеді. Оның өзінде тек Brexit келіссөздері сәтті аяқталған жағдайда.

Борис Джонсон, Ұлыбританияның премьер-министрі:

– Келесі сәрсенбіден бастап азаматтар қалаған уақытында үйден шығып, кез келген ашық қоғамдық орындарда кездесулер өткізе алады. Бірақ бекітілген алты ереже сақталуы тиіс. Бұдан бөлек, ұжымдық ғибадат етуге, үйлену тойларын өткізіп, ашық аспан астында спортпен айналысуға да рұқсат берілуі мүмкін. Сонымен қатар азық-түлік емес дүкендердің де ашылып қалуы ықтимал. Дей тұрғанмен, сақтық шаралары сақталмаса, вирус қыс кезінде қайта қарқын алуы мүмкін.

Елдегі ахуалға байланысты Англияда қауіптің үш деңгейі белгіленбек. Мәселен, коронавирус ушыққан өңірлерде қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланады. Сәйкесінше, мұндай аймақтарда қоғамдық орындар жабылып, тұрғындардың өзара тілдесуіне тыйым салынады. Жалпы, Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау жүйесі Рождество қарсаңында ауруханалар лық толып, науқастарды қабылдайтын орын болмай қала ма деп қауіптенген еді. Бірақ қазір елдегі емханалардың 50 процентінде ғана науқастар жатыр. Орташа есеппен тәулігіне 200-дей адам коронавирустан көз жұмса, 15 мыңдай кісі инфекцияға шалдығады екен. Қайткенде де елдегі шектеу шаралары вакцина табылғанға дейін жалғасатыны анық. Айта кетейік, Оксфорд университеті әзірлеп жатқан жаңа дәрі жуырда 70 проценттік тиімділігін көрсетті.

Мене Пангалос, Astrazeneca компаниясының аға атқарушы директоры:

– Менің ойымша, вакцина қолжетімділік тұрғысынан жаһандық дәрі болады. Өйткені бұл жоба коммерциялық мақсатты көздемейді. Сондықтан ол табысы төмен және орташа елдердің көбіне бағасы жағынан қолайлы болуы мүмкін.

Елдің кей аймақтарында футбол матчтарына жанкүйерлердің қатысуына рұқсат берілмек. Концерттер мен конференцияларға қатысты тыйым да алынып тасталады. Соған қарамастан, ел билігі тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырып отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы