423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем шай күнін атап өтті

  • 104
  • UPD: 15:37, 16.12.2020

Желтоқсанның 15-і әлемде шай күні аталып өтті. Бұл сусынның отаны Қытай болып саналады. Баппен шай ішу ежелден келе жатқан ерекше дәстүрі. Мұнда шай адамға күнделікті тұрмысына аса қажетті отын, май, күріш сынды жеті заттың қатарына жатқызылады.

Қытайда шай ішу өзіндік салт, ерекше өнер саналады. Мұнда бәрі маңызды. Шай түрін таңдау, шәугімнен ыдысқа құю,  сусынды қалай ұсынуға дейін бәрі-бәрі еп пен есепті талап етеді. Шайды демдеу кезінде оның пайдалы қасиеттерін әңгімелеу дәстүрге айналған. Бейжіңде ақгүлді шай кеңінен таралған. «Гайваньча», яғни беті жабылған кеседегі шай рәсімі де осы бір сусынның түрімен байланысты. Ол адамға баяу әуенді сазбен ұсынылады.

Лю Чань, «Лаошэ» шайханасының менеджері:

- Егер сіз шайңыз таусылып, тағы ішкіңіз келсе кесеңіздің қақпағын алып, шыныға сүйеп қойсаңыз жеткілікті. Қызметкер сізді бірден түсінеді. Яғни қақпақты қоюдың да сыры бар. Жалпы «гайваньча» шайына арналған ыдыстың өзіндік мағынасы қалыптасқан. Мысалы, кесе қоятын ыдыс жерді, ал пиаланың өзі адамды, оның қақпағы аспанды білдіреді. Шай ішу кезінде оларды бір-бірінен айыруға болмайды. Бұл адамның жер және көкпен тығыз байланыста екенін көрсетеді. 

Шайды дайындауда ең маңыздысы су мен оның ыдысы. Ал оны қандай температурада қайнату сусынның түріне байланысты. Мысалы, жасыл шай 85 градуста, ал қара және қызыл шай 100 градуста әзірленуі тиіс. Жалпы Қытайда шайдың 6 түрі бар. Алғаш рет оларды Тан әулеті кезінде Лу Юй сипаттап жазған.

Лю Чань, «Лаошэ» шайханасының менеджері:

- Лу Юй өз жазбасында шайды қай жерде өсіріп, қалай қайнатып, қалай ішу керектігін толық баяндаған. Ол шайды оңтүстікте өсіру дұрыс деп кеткен. Қазір де Қытайда шайдың ең жақсы сұрыптары еліміздің оңтүстігінде өсіріледі.

Қытай шай отаны әрі осы бір сусынды өндіру бойынша көшбасшы саналады. Бірақ сарайыңды ашатын сусынды пайдалану бойынша Үндістанға орын беріп қояды екен. Дегенмен, аспанасты елінде шайдың танымалдығын арттыруға зор көңіл бөлінеді.

Авторлар: Ботагоз Сыргабаева, Айгерим Сулейменова

Хабар 24 телеарнасы