425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде жер кезегінде тұрған халыққа дайын баспана беріледі

  • 2820
  • UPD: 12:07, 17.08.2017

Жер кезегінде тұрғандар енді «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы дайын баспана алады. Қыркүйек айында Ақтөбеде аумағы 25 мың шаршы метр болатын 194 коттедж пайдалануға беріледі. Ал бұл үйлерді жылжымайтын мүлік бағасының 30 пайызын жинаған «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» салымшылары ала алады. Жалпы 2017-2018 жылдары Ақтөбеде жаңа бағдарлама бойынша 800 отбасы жаңа пәтерге кіреді.

Әлібек Тәжиев жаңа үйіне кіргенше асығып жүргенін айтады. 2006 жылы жер кезегіне тұрған, ал 2010 жылдан бері «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» шотына ақша салып жүр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, 2 қабатты коттедж алуға құжат жинауды бастады. Айтуынша, үй бағасы көңіліне қонады. Шаршы метрін 120 мың теңгеден есептегенде көп ұтатынын айтады. Мердігер компания үйді дайын күйінде тапсырады. Үйдің жанында 10 сотық жері де бар. 

Әлібек Тәжиев, қала тұрғыны:

- Мен өзім салатын болсам бұл үйді, маған жоқ дегенде бір 20 млн шамасында ақша керек болады. Ал «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» мұндай мүмкіндік беріп жатыр бізге өте тиімді. Мұндай үйде тұру керемет, бұл менің арманым еді.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл коттедж үйлермен қатар шағын қабатты, тез тұрғызылатын 22 тұрғын үй тапсырылады. 3-4 қабатты үйлер жергілікті құрылыс материалдарымен салынып жатыр. Тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары арасында «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға ниеттілер көбейіп келеді. Салынып жатқан 194 коттедж үйге 150 адамнан өтініш түсіп тұр.  «Өңірдегі баспананың шаршы метрінің бағасы республика бойынша ең төменгі баға»- дейді банк басшысы.

Бауыржан Жуаспаев, «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» бөлімшесінің басшысы:

- Жергілікті биліктің нақты қолдауының арқасында баға төмен болып отыр. Бұл дегеніміз облыс тұрғындары мен банк салымшыларын баспанамен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді. Ақтөбе облысы алғашқылардың бірі болып, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыра бастады. Қыркүйек айында бірінші кезеңі аяқталады.

Халыққа тиімді жинақ жүйесі іске қосылғалы өңірде 14 мың адам жаңа пәтерге ие болған. Тағы 72 мың салымшы болашақта баспанадан үмітті. Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасымен аудандарда да үйлер салынады. Алға, Мұғалжар, Қарғалы аудандарында 5 қабатты, 60 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. 

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы