384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда домбыра ескерткіші ашылды

  • 207
  • UPD: 23:50, 06.07.2019

Бетон-металл конструкциясынан жасалған туындының авторы белгілі мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Нысанның ашылу рәсімі Елорда күнімен қатар Домбыра күні және Көкшетау қаласының 195 жылдығына орайластырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы домбыра ескерткіші қаланың қақ ортасында қазақ драма театры мен орталық саябақтың жанында орналасқан. Онсыз да қалалықтардың сүйікті орны болған бұл жерге енді домбыра мүсіні одан сайын сән беріп тұр.

Ескерткіштің биіктігі 12 метрге жақын. Ал, оны тұрғызу туралы идея авторға осыдан бірнеше жыл бұрын келген. Оны алдымен былтыр елорданың 20 жылдығына орай бас қаланың бір шағын ауданына ақмолалықтардың тартуы ретінде қоймақшы болған. Алайда, белгіленген орынға биіктігі келмей, мүсін ақырында Көкшетауға бұйырды.

Манарбек Бұрмағанов, туынды авторы:

Бұл композиция өзіміздің жас жігіт домбыра күйін тартып отыр. Көкшетаудың белгілі ақындарының, күйшілерінің домбырасының үнін шығарып отыр. Үлкен домбырасы, бұл – домбырашының әлемі, қазақтың әлемі. Үстінде күні бар, күннің көзі туымыздың. Бүркітіміз бар. Сол ән-күйі бүкіл елімізге күмбірлеген домбыраның үні шыға берсін, әндері тарай берсін деп осындай композицияны істегеніме қуаныштымын.

Домбыра ескерткішін халық қуанышпен қабылдады. Тіпті тұрғындардың арасында шетелдік қонақтар да болып, бұл ескерткіштің өте маңызды екенін атап өтті.

Наталья Колмакова, турист:

Мен Ресейдің Бурят республикасынан келдім. Осындай ескерткіш ашылады дегенді естіп, осы жерге арнайы тоқтадық. Маған өте ұнап жатыр. Көкшетаудың аспанын күй кернеп тұрғандай. Қай ел өзінің салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптесе, сол елдің болашағы зор болмақ. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.

Мейрамбек Киіков, қала тұрғыны:

Қазір домбыраны әлем таниды. Америкада конгресс-холлда Құрманғазы оркестрі домбырамен қазақтың күйлерін ойнағанда түрегеп тұрып, қол шапалақтады. Міне, домбыраның кереметтілігі. Домбырамен қуанамыз, домбырамен мұңаямыз, домбырамен сырымызды айтамыз.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ашылған ескерткішті тұрғызуға жергілікті кәсіпкерлер атсалысқан. Ал ашылу салтанатының басты айшықты шарасы 500 өнерпаздың бір сәтте танымал күйлерді орындауы болды.

Жалпы,домбыра күні аймақтың барлық аудандарында атап өтіліп жатыр. Әсіресе, аудан-ауылдарда жастар «Домбыра party» шарасын көптеп өткізуде.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы