389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Тамшы» балалар театры Ташкенттен бас жүлдемен оралды

  • 185
  • UPD: 15:01, 02.10.2019

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында балалар театрының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Театрға 80-ге жуық жеткіншек қатысып жүр. Жас ұжым облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда топ жарып, жеңімпаз болып үлгерген. Ал «Ізгі ұрпақ» деген қойылымы өзбексатндық көрерменді таңдай қақтырды.

Ақсуаттық 8-сынып оқушысы Айғаным Мәлікова сабақтан тыс уақытта өзге де құрбылары сияқты аудандық мәдениет үйіне асығады. Мұнда алғашында поэзия кештері өтіп тұратын. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясының түлегі Бейбіт Құсанбаев режиссер болып келгелі талантты балалардың басын қосып театр ашу туралы бастама көтерген. Өнерпаз оқушылар ағаларын қолдай кеткен.

Айғаным Мәлікова, Ақсуат орта мектебінің оқушысы:

- Әр нәрсе кішкентай тамшыдан үлкен нәрсеге өсетін болғандықтан біз өзімізді «Тамшы» балалар театры деп атадық. Театрға қатысқалы біз 360 градусқа өзгердік десем болады. Себебі, біздің уақытымыз да, сөйлеген сөзіміз де жақсы жақтарға жұмсалып жатты. Уақытымыз мүлдем зая кетпейді. Өзімізді дұрыс тамақтанып, дұрыс жүріп, сахна үстінде қалай ұстаймыз соның бәрін үйрендік. Күн сайын біз осында келгіміз келіп тұрады, сахнаға шығып поэзия оқығымыз келіп тұрады, спектакль ойнағымыз келеді. 

Балалардың жастары кіші болғанымен көтеріп отырған тақырыптары үлкендердің өзін ойлантып, кейде тіпті көзге жас алдырады. Туған жер, адамгершілік, туыстық қарым-қатынас, адалдық сияқты құнын жоғалтпайтын дүниелер көпшілік көңілінен шығып отыр. Белгілі ақындар Әбубәкір Қайранның «Қасқыр», Мерей Қарттың «Тарбағатайым» шығармалары сәтті сахналанды. 

Шәкен Көпшікбаева, Ақсуат мәдениет үйінің директоры:

- «Қазақстанның талантты балалары» деген үлкен шығармашылық көп жанрлы фестиваль өтті Өскемен қаласында. Осыған «Тамшы» балалар театры барып, қатысып Ташкент қаласында өтетін халықаралық балалардың өнер фестиваліне қатысып, онда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан қатысқан балалар арасынан бас жүлде алып келді. Оған «Ізгі ұрпақ» деген өздерінің қойылымдарымен барды. Сценарийді мен жазып бердім. Бұның ішінде біз ылғи адамгершілікке тәрбиелейтін туған жер, адамгершілік осыған байланысты ақындардың өлеңдерінен құрастырып жаздық. 

Балалар театры алдағы уақытта ауыл-ауылды аралап, шалғай елді мекендерге гастрольге де шыққысы келеді. Жігерлі жетекші де, жас таланттар да дайындық үстінде. Келесі тың қойылым Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Қалың елім, қазағым» деп аталады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы