386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда әлемдік джаз жауһарлары шырқалды

  • 100
  • UPD: 08:38, 30.11.2019

Павлодар – отандық джаздың ордасы.

Аты аңызға айналған музыкант Джейми Дэвиз бен ресейлік Алексей Черемизовтың облыстық джаз оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқауы – бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Америка Құрама Штаттарынан ат терлетіп келген өнерпаз әлемдік джаз жауһарларын шырқады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Джейми Дэвис 70 жылдық мерейтойына орай Әзербайжан астанасы Бакуде концерт өткізіп, Павлодарға келді. Әйгілі джазмен жергілікті оркестр музыканттарының өнеріне тәнті болып, жоғары бағасын берді. Концерттік бағдарламаны әзірлеуге шебердің өзі және оркестр музыканттары атсалысқан.

Джэйми Дэвис, джаз әншісі /АҚШ/

- Оркестрмен бір сахнада өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Бұл - мен үшін мақтаныш. Қазақ елі джазды сүйіп тыңдайды. Соған көзім жетті. Менің арманым – джазды әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізу. Өмірлік мұратыма жету үшін барымды салып келемін.

Джейми Дэвиз - «джаздың алтын дәуірінде» өткен ғасырдың 60-жылдары әлемге танылды. Баритон-әнші 13 жасында топ құрып, бүгінгі күнге дейін өнер жолында. «Гремми» сыйлығына ұсынылған джазмен бекзат өнердің «мейнстрим» атты стилін ұстанушылардың бірі. Әншінің айтуынша, бұл – музыка әлемінде өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын дәстүрлі классика.

Виктор Шейкин, облыстық джаз оркестрдің көркемдік жетекшісі:

- Аты аңызға айналған әншілермен өнер көрсету – оркестріміз үшін мақтаныш. Бұл біздің мәртебемізді көкке көтеретіні анық. Репертуарды бірлесіп таңдадық. Ең бастысы, көрерменнің көңілінен шығуды мақсат еттік.

Сэмми Нестико, Сиви Уандер, Филл Колинз. Өңірдің бас сахнасында әлемдік джаз хиттерімен қатар, қобыздың үні де естілді. Америкалық композитор Лайонелл Риччидің «Хеллоу» әні қобыздың ерекше үнімен түрлене түсті. Бұл патша көңілді көрермен үшін де, Джейми Дэвиз үшін де ерекше тарту болды.

Раушан Нағышпаева, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның қобызшысы:

- Нарқобыздың қасиеті желдің дыбысын шығарады. Джаз оркестрмен нарқобыздың үндерін көрсеттік, желдің табиғи дыбыстарын көрсеттік. Нарқобыз қосылғанда өте керемет болды, әрине.

Өңір тұрғындарының джазға деген ықыласы ерекше. Өнер кешіне жиналған қауымның қарасы қалың.

Эльвира Кощук, көрермен:

- Оркестрдің әр концертіне келуге тырысамыз. Осы жолғы өнер кеші керемет тарту болды. Әлем таныған шебердің өзі елімізге келді. Демек оркестріміздің мәртебесі жоғары, музыканттарымыз майталманмен бір сахнада өнер көрсетуге әбден лайық.

«Джаз аңыздары» бағдарламасы оркестрдің кезекті өнер маусымының шымылдығын түрді. Қазіргі уақытта ұжым бірнеше мерекелік концертке әзірлік үстінде.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы