423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Швейцарияда «Абай оқулары» өтті

  • 311
  • UPD: 10:55, 02.07.2020

Еліміздің Швейцариядағы елшілігі ұйымдастырған шара қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орайластырылған.

Оған қазақ диаспорасы, осы елде білім алып жатқан Қазақстан студенттері және ақын шығармаларын сүйіп оқитын жандар қатысты. Толығырақ Жанат Эрнст баяндайды.

Жанат Эрнст, тілші:

– Ұлы Абай өлеңдері Швейцарияның Люцерн қаласының шетіндегі ескі Мегган қамалының қасында жыр болып төгілді. «Абай оқулары» Альпі тауларының баурайында әйгілі Люцерн көлінің жанында ұйымдастырылды.

 «Пайда ойлама, ар ойла». Абайдың осы өлеңін жатқа оқыған «Болашақ» бағдарламасының магистранты Әлішер Тұрсын ерекше челлендж бастады. Эстафетаны жалғаған швейцариялық Адриан Делафонтейн ұлы ақынның «Жаз» атты туындысын француз тілінде, ал Мехмет Гундоган «Әсемпаз болма әр неге» өлеңін неміс тілінде оқыды. Халықаралық челленждің шымылдығы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен жабылды. Ұлы ақынның әлемге танымал туындысын барша жұрт қосыла шырқады.

Әлібек Бақаев, Қазақстан Республикасының Швейцария конференциясындағы елшісі:

– Бұл іс-шараның мағынасы өте терең деп есептейміз. Біріншіден, біздің ұлы ақынымыз Абайды Еуропада, Швейцарияда танымал ету, бұл кісінің шығармаларын неміс, француз, итальян тіліне аударып, біздің қазақтың рухын, біздің қазақтың мәдиниетін, біздің тарихымызды еуропалықтарға жақындату. Мұндай іс-шараларды болашақта тек қана елшілікте емес, жақында кұрылған «Бірлік» қауымдастығымен бірге және «Қаз Альянс» қауымдастығымен бірге Швейцарияда және басқа мемлекеттерде өткізуді жоспарлап отырмыз.

Цюрих Университетінің антропология және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, профессор Питер Финке Абайдың тілін жетік біледі және шығармашылығымен кеңінен таныс. «Оның асыл мұрасы ғасырдан ғасырға мирас болып қалады», – дейді швейцариялық ғалым.

Петер Финке, Цюрих университетінің профессоры:

– Немістер үшін Гете болса, қазақтарға Абай соның орнын алады деп ойлаймын. Мен Абайдың ауылын көрдім. Семей Университетінде сабақ бергенде сол ауылға апарған. Кітаптардың барлығы үйімде бар. Үлкен бір той болсын, мүмкіндік болса мен де барамын.

Адриан Деляфонтен, Женева қаласының тұрғыны:

– Романтика жанрында жазатын француз ақындарымен салыстырсақ, Ұлы Абай бізге реализмді көрсетуге тырысады. Абай өлеңдерінен қазақ даласының табиғатын, қазақ өмірінің шындығын, қазақ халқының арман-тілегін, ұлттық ерекшелігін көруге болады.

Жанат Эрнст, тілші:

– Коронавирусқа қарамастан Швейцарияның Люцерн қаласының шетінде өткен Қазақтың ұлы ақынын еске алуға арналған «Абай оқулары» жиналған жұрт пен қонақтарға қатты әсер етіп, ұмытылмастай із қалдырды.

Авторлаы: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы