Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлылар үндестігі: Фараби мен Машани» атты жиын өтті.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында өткен басқосуға ғалымдар, тарихшылармен қатар Ақжан Машанидің жары Жамал Шорайқызы да қатысты. Бұл басқосудың «Ұлылар үндестігі» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Әл-Фарабиді алғаш зерттеген қазақ ғалымы Ақжан Машанидің биыл туғанына 114 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай Түркі академиясы басып шығарған әл-Фараби мен Ақжан Машанидің жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімі болды. 1000 данамен жарық көрген бұл кітаптарды оқырмандар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасына келіп оқи алады.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
- Жалпы бүгінгі жиынды біз әл-Фараби университетінде өткізіп отыруымыздың өзіндік мәні бар. Осында әл-Фараби орталық жұмыс істеп отыр. Ақшам Машанидың мүсіні ашылды. Сондықтан біз осында арнайы кітаптарды тарту етуге келдік. Кітаптар әл-Фараби орталығына және кітапханаға тарту етіледі. Сонымен қатар жалпы оқырмандар бұл кітаптарды халықаралық Түркі академиясынан алуына болады.