377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбылдық полиция қызметкері әртүрлі ұлттан бес бүлдіршінді бауырына басты

  • 766

Жамбыл облысында полиция қызметкері балалар үйінен 5 бірдей бүлдіршінді асырап алды.

Қазір бұл отбасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырына басып, бағып-қағып отыр. Арыстанбаевтардың шаңырағында өздерінің 3 ұлы бар. Олар өзара тіл табысып, бүгінде көпбалалы жанұяға айналған.

Полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев бір күнде 8 баланың әкесі атанды. Бұған дейін тәртіп сақшысы жұбайы екеуі балалар үйіне барып, жетімдердің жағдайын жиі біліп тұратын. Кішкентайларға бауыр басып, үйіне қонаққа да ертіп алып келіп жүрді. Уақыт өте келе балажанды ерлі-зайыптылар оларды қамқорлығына алды.

Ғалым Арыстанбаев, полиция сержанты:

- Балалармен жақсы тіл табысып кеттік. Үйге келгеннен кейін олар өз балаларым сияқты боп кетті.

Бұл мерейлі отбасы мейірімге толы. Сондықтан шаңырақтан шаттық үзілген емес. Бұған дейін үш баланы тәрбиелеп отырған олар бүгінде ынтымағы жарасқан өнегелі отбасы. Бір қызығы, асырап алған бес баланың әрқайсысы әр ұлттан. Отанасы Әлия оларды бөліп-жармайды. Ортақ үй, ортақ тәрбие. Бақытты бүлдіршіндер.

Әлия Көбегенова, балалардың анасы:

- Мен өте бақытты анамын. Барлығы мені үшін өз баламдай. Әрине, олар әртүрлі. Мінездері де әрқалай. Бірақ, біз бір-бірімізді таптық деп санаймын. Күйеуіміз екеуміз өте қуаныштымыз.

Осыдан бес жыл бұрын өңірде бес мекеме болса, қазір соның біреуі ғана қалған. Оған отбасылық үлгідегі балалар үйінің көптеп ашылуы сеп болып отыр. Ал тәртіп сақшысы Ғалым Арыстанбаев игі ісімен бүлдіршіндердің жүрегіне мейірім, болашағына деген сенім сыйлады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауан Байкенже, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы